$518.14 €537.57 ₽5.27
×

ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күресетінін айтты

AstanaTV
15.07.2022ж. 20:00
1453
ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күресетінін айтты

Тұрмыстық зорлық-зомбылық, мал ұрлығы және алаяқтық. Бұл қылмыс түрлерімен қалай күресуге болады? Бүгін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов еліміздегі криминогендік жағдай туралы айтты. Бейнебайланыс арқылы өткен ашық алқа отырысында ағымдағы жылдың жұмыс нәтижелері сөз болды. Енді тұрмыстық зорлық- зомбылыққа қатысты заңнамаға түзетулер енгізілмек. Жыл басынан бері отбасылық, тұрмыстық 453 қылмыс тіркелген. Полицияға 73 мың хабарлама келіп түскен. Оның 43 мыңы есептен шығарылған. Өйткені жәбірленушілер көбіне полиция келгеннен кейін арыз беруден бас тартатын көрінеді. Бұл екі адамның татуласуына немесе жәбірленушінің қорқуына байланысты дейді министр. Үй тирандары арыз болған жағдайда ғана жауапкершілікке тартылып келді. Енді бұл норма алынып тасталмақ.

Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Қазір полицияның бұл саладағы өкілеттіктері шектеулі. Полиция "үй" тирандарын, арыз болған кезде ғана жауапқа тарта алады. Бір жазадан құтылған тиран, келесіде ұрып-соғуды әдетке айналдырады. Кейін бұл адам өліміне дейін әкеледі. Сондықтан бұған қатысты басқа шара қолдану керек. Яғни, қылмыскерді фактінің өзі үшін жауапқа тарту. Шақырту түсті, барды ұрып-соғуды көрді, барлығын видеорегистраторға түсіріп алды, сол жетеді оны жауапқа тартуға. Енді жәбірленушінің мәлімдемесі талап етілмейді.

Ұрлықта азаймай тұр дейді Ведомство басшысы. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өршіген. Министрдің айтуынша, қылмысты көбіне басқа аймақтардан келген адамдар жасайды. Сонымен қатар, министр кейбір полиция департаменттерінің жұмысын сынға алып, бастықтарға нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды. Ол ауылды аймақтардағы негізгі мәселе мал ұрлығына да назар аударды. Жалпы, ұрланған малдың 70 пайызы ешкімге тиесілі емес, яғни заңды иесі жоқ. Бұл қылмыскерлер үшін оңай олжа ғана емес, жол қозғалысына да қауіп төндіретін мәселе деді. Министр жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жасап, мал жаю ережелерін бақылауға алу керегін атап өтті.

Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Малдар өз аяқтарымен базарларға бармайды. Оны таситын, оны ұрлайтын оны сататын, оған жалған құжат жасайтын, оған көлеңкелі қамқоршылық жасайтын мемлекеттік қызметкерлер де бар. Жаңағы біз айтып отырған 3 мегаполистің басшылары өздерінде мал ұрланбағасын сатылып жатқан ұрланған етке ешөандай көңіл бөлмейді. Құзыреттің шектеулігін сылтау қылып, немқұрайлық танытуда.  

А. Базарбай