$518.14 €537.57 ₽5.27
×

Қазақстан шетелден автокөлік әкелуге шектеу қоймайды

AstanaTV
15.07.2022ж. 20:00
1986
Қазақстан шетелден автокөлік әкелуге шектеу қоймайды

Қазақстан шетелден автокөлік әкелуге шектеу қоймайды. Бірақ, бұл ел аумағына заңнаманы бұзбай әкелінген көліктерге ғана қатысты. Соңғы кезде шетелдік темір тұлпарларды заңнаманы бұза отырып елге әкелу жағдайы жиіліп кеткен. Атап айтқанда, ұрланған, кепілге қойылған, тіпті жалған нөмір тағылған автокөліктерді пайдалану фактісі анықталыпты. Заңсыздықтар орын ала тұра неге өзге елден көлік әкелуге тыйым салынбайды? Аружан Задабек жалғастырады.

Шынарбек Қуанбай – көптен бері шетелден көлік алуды ойластырып жүр. Айтуынша, Ресей, Қырғызстан мен Армениядан әкелініп жатқан автокөліктердің бағасы бізге қарағанда әлдеқайда арзан. Жылы да жаңа. Сапасы да жоғары. «Бірақ өзге елден алған темір тұлпардың әлегі көп, құжаттарын реттеу де қиын. Тіпті, алдап кетуі де ғажап емес» - дейді.

Шынарбек ҚУАНБАЙ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Шетелден автокөлік алуға ой болады, әрине. Өйткені олардың автокөліктері жаңа ғой, жақсы. Жылы да жаңа. Жағдайы жаңа. Енді оны бізге мүмкіндік жоқ қой. Оны алып келсек документ істей алмаймыз. Анау утилизация деген қымбат Шетелден алып келіп алданып қалсаңыз, ол жақта тіркеуде болмай, мына жақта тіркеуге қоя алмасаңыз, әрине, қиын болады ғой.

Шынарбек Қуанбайдың алаңдауына негіз бар. Себебі, былтыр   35 мыңнан астам автомобильдің елге заңсыз жолмен  әкелінгені анықталған.  Сонымен қатар 600-ден астам көлік  өзге мемлекеттердің құқық қорғау органдарының іздестіруінде  екені белгілі болды. Осындай заңсыздықтар орын ала тұра шетелден темір тұлпар иемденуге ешқандай шектеу жоқ. Неге? Құзырлылар оны былай   түсіндіреді.

ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қазақстанға "проблемалық" автокөліктің әкелінуін алдын алу және жалпы әкімшілендіруді жақсарту үшін Көлік құралдарын әкелу ережелері (уақытша ережелерді қоса алғанда) әзірленіп жатыр.Онда мұндай автомобильдер бойынша бақылауды күшейту тетіктері, тіпті оларды елге әкелуді шектеуге дейін көзделетін болады. Бұл ретте аталған шаралар Қазақстан Республикасының аумағына заңнаманы бұзбай әкелінген және пайдаланылатын шет мемлекеттерде тіркелген автомобильдерге қатысты қолданылмайды.

Яғни, шетелдік көліктердің Қазақстан аумағында жүріп тұруына ешқандай шектеу жоқ.Тек құжаттары рәсімделіп, техникалық бақылаудан уақытында өтуі керек. Ал, экономист Бауыржан Ысқақов бұған түбегейлі қарсы. Себебі, өзге елден келген темір тұлпар экономикамызға кері әсерін тигізеді дейді. Айтуынша, арзан шетел көлігін көрген жүргізуші сәйкесінше елімізде құрастырылатын автокөлікті алмайды. Осының әсерінен отандық өнімге сұраныс  төмендейді.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

Біздің экономикаға жұмыс жасамайтын болса біз ондай тиімсіз бағыттардың алдын алудың жолдарын қарастыруымыз керек. Әрине жанағы қарапайым адамдарға қалтасы көтеретін, арзан автокөліктердің керектігі белгілі. Неге біз сол сұранысты мынау тозығы жеткен, әбден ескірген Ресейдің немесе Арменияның көліктерімен қамтамасыз етуіміз керек?

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден темір тұлпарларды сатып алу оңай. Бірақ біздің заң бойынша темір тұлпар кедендік рәсімдеуден өтпейінше,   техникалық бақылауға жіберілмейді. Ал, құжатты ресми заңдастыру көлік бағасына әсер етуі мүмкін.
 
А. Задабек