Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Алматы облысында жер дауының кесірінен бір отбасы үйсіз қалуы мүмкін

AstanaTV
18.07.2022ж. 20:00
1663
Алматы облысында жер дауының кесірінен бір отбасы үйсіз қалуы мүмкін

Алматы облысы Қарасай ауданында жерге қатысты жанжал шықты. Рахатжан Алдияров «Ақ – бота» ауылдық тұтыну кооперативінде 2006 жылдан бері өмір сүріп келеді. Айтуынша, қазіргі тұрып жатқан үйін анасы сыйға тартқан. «Алайда, кадастрлық инженерлердің үй шекарасын белгілеу кезінде қате кетті»,- дейді ол. Енді 2016 жылы көшіп келген көршісі өзін сотқа беріп, үйді бұз дейтін көрінеді. Себебі, кадастрлық қате кесірінен екі көршінің жерлері мінгесіп кеткен.

Рахатжан АЛДИЯРОВ, «АҚ-БОТА» АУЫЛДЫҚ ТҰТЫНУ КООПЕРАТИВІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Үйдің документінің бәрін заңдастырдық, бәрі бар. Акт приема, прописка, бәрі бар. 2016 жылдан бері мына кісілер келіп, дау басталды. Жерге накладка болды. Сотта ұтылып қалдық. Ұтылып қалған себебіміз: мына арықты тартқан, оның координациясы жоқ. Соның кесірінен ұтылып қалып отырмыз. Оны кіргізбеген базаға. «Үйді бұзамын»,- дейді, екі баламен қайда барамын мен?   

Ең сорақысы, Рахатжанды сотқа берген көршісінің өзі заңға қайшы әрекет еткен. Құқық қорғаушылардың сөзінше, ол үй құрылысын мемлекеттік жолдың үстінде жүргізген. Ол сияқты тағы 10 шақты баспана бар. Мұны аудандық сәулетші де растады. 2017 жылы күшіне енген Қырғауылды ауылының бас жоспарында бұл үйлердің тура жол үстінде тұрғызылғаны көрініп тұр. Алайда, үй иелеріне құрылыс жүргізуге кім және неліктен рұқсат бергені жайлы ешкім жөнді жауап бере алмады.

Баян ҮСЕН, ҚОҒАМДЫҚ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ:

Бұл «Ақ – бота» ауылдық тұтыну кооперативі. Біз қазір оның шегінде тұрмыз. Мұнда жол көрсетіліп тұр. Бұл жол барлық елді мекендерді қосып тұратын. Адам жүретін кәдімгі жол еді. 2008 жылы аудандық әкімдік бұл жолды жеке қосалқы шаруашылыққа ауыстырып жіберді. Бұл заңға қарсы нәрсе. Бас жоспарға да сәйкес, бұл жол арқылы коммуналдық жүйелер, газ, су жүйелері өтеді. Алматы облысының жемқорлыққа қарсы қызметі екі жыл бұрын жолды мемлекетке қайтарасын деп бұйрық берсе де, әкімдіктегілер қозғалмай жатыр.
    
Осыдан тура бір жыл бұрын Қарасай ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары жергілікті заңгерлерге арнайы хат жолдаған болатын. Онда жолда тұрғызылған үйлер бұзылып, жер телімдері мемлекетке қайтарылу керек деп айтылған еді. Хатқа әлі күнге дейін жауап келмеді. Сәулеткер мамандардың сөзінше, жолда үй тұрғызуға ешкім рұқсат қағазын алмаған.

Дәрмен ЖАПАРОВ, ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Бұл жақта бұрыннан жол болған. Бізде Қырғауылды ауылының бас жоспары бар 2017 жылы бекітілген. Маслихатпен бекітілген бас жоспар бойынша мына жақта үлкен айналмалы жол өтеді. Сол жолдың үстінде құрылыс жүргізіп жатыр. Заңсыз тұрғызылып жатыр.
 
Алайда, жаңа үй иелері өз ісін қате деп санамайды. Елді-мекеннің бас жоспарын да мойындаудан бас тартты. Қолдарында барлық қажетті құжат бар деп сендірді.

Үсен, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Міне, государственная регистрация об уведомлении деген тұр. Договор купли - продажи земельного участка бар, гос.акті, бәрі бар, заңды. Мен ешкімнің жерін тартып алып жатқан жоқпын. Ген.план ештеңе жоқ, бұл жерде жол жүрмейді, жол жүретін болса, қай жаққа барады? Мына жақта тау тіреліп тұр ғой. Кішкене логика болу керек қой адамда.

Құқық қорғаушы Баян Үсен аталған құжаттар фальсификацияланған дейді. Жергілікті әкімдіктегілер болса, бұл іске бей-жай қарауда. «Жерді тартып алу жөніндегі қаулыны әзірге шығара алмаймыз»,- деп отыр.  

Сырым ЖАРҚЫНБАЕВ, ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Енді қазір, бұйырса, кадастрдан, архивтан бүкіл құжаттардың бәрі көтеріледі, қарастырылады. Толық документтер жинастырылып, тек сотқа беріліп, сот шешімі арқылы шешіледі бұл сұрақ.

Аталған жер дауы барған сайын ушығуда. Кімдікі дұрыс, ал кімдікі бұрыс екенін құқық қорғау органдары ғана шешуге қауқарлы.

М. Жақан