$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елордада 23 шілдеден бастап карантиндік шектеулер күшейтіледі

AstanaTV
22.07.2022ж. 20:00
1326
Елордада 23 шілдеден бастап карантиндік шектеулер күшейтіледі

Елордада 23 шілдеден бастап карантиндік шектеулер күшейтіледі. Қаланың бас санитарлық дәрігері жаңа қаулыға қол қойды. Короновирустың таралуының алдын-алу бойынша енгізілетін шаралар мынадай:

Науқаспен жақын байланыста болған адамдар, COVID-19 вакцинациясына абсолютті қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлер мен жүкті әйелдер қашықтан жұмыс түріне ауыстырылады.  Адамдар көп жиналатын орындарда және  қоғамдық көлікте   бетперде кию керек. Сондай-ақ, 10-нан астам адамның қатысуымен өтетін жиналыстар онлайн форматқа ауыстырылады. Қолды өңдеуге антисептиктерді қолдануды, адамдар көп жиналатын объектілерде, оның ішінде қоғамдық көлікте дезинфекциялау іс-шараларын жүргізу және желдету режимін сақтау қажет.     Коронавирус инфекциясына қарсы екпе мен ревакцинацияны жандандыру ұсынылады.

Елімізде бір аптада 8 мың адам вирус жұқтырған. Індеттің ілмегіне ілінгендердің 70 проценті вакцина алмағандар дейді дәрігерлер. Елордада соңғы тәулікте 642 адамнан  коронавирус індеті анықталған.  Оның 66-сы-5  жасқа толмаған бала. Бас қалада  жедел жәрдем шақырушылар саны  40 процентке  өскен.   

ҚАУЛЫ 23 ШІЛДЕДЕН БАСТАП КҮШІНЕ ЕНЕДІ:

1. Науқаспен жақын байланыста болған адамдар, COVID-19 вакцинациясына абсолютті қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлер мен жүкті әйелдер қашықтан жұмыс түріне ауыстыру;

2. Адамдар көп жиналатын орындарға (автовокзалдар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық базарлар, концерт залдары, театрлар, кинотеатрлар, халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), банктер, стадиондар және басқа да спорттық құрылымдары және т. б.), ұйымдасқан ұжымдарға барған кезде және қалалық қоғамдық көлікте жол жүрген кезде, 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда бетперде кию;

3. Қатысушылар саны 10 адамнан асатын кеңестер (отырыстар) өткізуді қашықтықтан өткізуге көшіру;

4. Қоғамдық орындарда бетперде кию жөніндегі ұсынымдарды сақтау және қолды өңдеуге антисептиктерді қолдану;

5. Адамдар көп жиналатын объектілерде, оның ішінде қоғамдық көлікте дезинфекциялау іс-шараларын жүргізу, желдету және ауаны баптау жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі және желдету режимін сақтау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

6. Қала тұрғындары арасында коронавирус инфекциясына қарсы екпе мен ревакцинацияны жүзеге асыруды жандандыру. 

А. Задабек