Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«Қантты өзіндік құнынан төмен сатқаннан дүрбелең туды», - министр

AstanaTV
26.07.2022ж. 20:00
1536
«Қантты өзіндік құнынан төмен сатқаннан дүрбелең туды», - министр

Қанттың құны тұрақталған жоқ. Қор да жеткіліксіз. Президенттен   «сөгіс» алса да, қос министр әлі оған білек сыбана   кіріспеген секілді. Шекерге жұрт әлі шекісіп жүр. Тойдың басты жүлдесіне айналды.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша,  «қант жоқ», «жоқ» деген сайын дүрбелең  туады.
 
Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ-САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
 
Өз басым жуықта ғана ірі сауда желісіне барып, бір келі қантты 470 теңгеге сатып алдым. Ол кезде сондай баға болған. Қазіргі ақпарат бойынша баға 480 теңге болыпты. Оны көріп-біліп отырмын. Мен өзім шай ішкенде қант қолданбаймын, балмен ішем.

Балмен шәй ішетін министр осылай басу айтты. Ал ауыл шаруашылығы министрі дүрбелеңді тұрақтандыру қоры туғызып отыр дейді. Оның сөзінше, жергілікті әкімдіктер қантты өз құнынан арзан сатқан.  

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Қыркүйек айында да қантты сырттан әкеліп, азғантай бөлігін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуды жалғастырсақ, дүрбелең де жалғасады. Сондықтан қантты өзіндік құнынан арзанға сатып, дүрбелең туғызуды тоқтатқан кезде-ақ мәселе шешімін табады. Баға шілде мен тамызда жоғары болады. Қыркүйекте тұрақталады.

Бағаның шарықтауы импортқа тәуелділіктен. Қантты Бразилия мен Үндістаннан тасымалдаймыз. Бұрын Ресей арқылы әрі кетсе 10 күнде жететін. Қазір 90 күнге ұзарыпты. Жалғыз қант емес, басқа азық-түлік өнімдерінде де өсу бар.  

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ-САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Демалыс күндері уақытым болғанда дүкенге, базарға барамын. Әр отбасының өз аспаздық ұстанымы болады. Мысалы, палау пісіру үшін қымбатырақ ет алу керек болады дегендей. Әрине, азық-түлікті өзіміз сатып аламыз және бағалардың шамасын білеміз. Азық-түлік себетінің бағасы туралы айтсақ, сөзсіз, ол өсті. Оған инфляция дәлел.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Жанұяммен бірге азық-түлік сатып алуға баратын уақытым жоқ. Бірақ айына бір немесе екі рет жексенбі сайын отбасыммен азық-түлік сатып алуға тырысам. Біз әрдайым тек Қазақстанда өндірілген өнімдерді ғана аламыз. Бағаның айтарлықтай өскені сезіледі.

Азық-түлік бағасын бақылайтын  жаңа платформа іске қосылады. Министрдің айтуынша, бұл үстемақы шегін реттеуге, делдалдар санын азайтуға, жалпы мониторинг жүргізуге мүмкіндік бермек.

Т. Әлжанов