Отбасылық ансамбльден өсіп шығып, «халықтық ансамбль» атағын алған Биғалиевтер әулетіндегі кез-келген жиын ән-күйсіз өтпейді. Әншілік өнер арғы аталарынан дарыған отағасы Марат Биғалиевтің өмірлік серігі Нұржамал да шығармашылыққа жақын.
Марат БИҒАЛИЕВ, «ХАЛЫҚТЫҚ БИҒАЛИЕВТЕР ОТБАСЫЛЫҚ АНСАМБЛІНІҢ» ЖЕТЕКШІСІ:
Әкем Биғалиев Қали – Ұлы Отан соғысының ардагері, анам – Хамидуллина Кәкима, өнерлі адамдар болды екеуі де. Кешкілікте күнде ақ дастарқан басында ән салады. Сол арқылы қанмен дарып, міне, қазір енді балаларым да ән салады өзімізбен бірге. қыздарым, немерелерім, жиендерім, бәрі ән салады. Өздері әнін шығарады, ақындықтары бар.
Облыстық, республикалық байқауларда топ жарған Биғалиевтер ансамблін 40 жыл бұрын Марат Қалиұлы ұйымдастырған. Уақыт өте келе ұл-қыздарынан өрбіген кішкентай әншілермен толығып, үш буынның басын біріктірген үлкен шаңырақ бүгінде өнерпаздар ордасына айналды. Ансамбль халықтық және түрлі ұлт өкілдерінің әндерін және жергілікті сазгерлердің туындыларын орындайды.
Арман БИҒАЛИЕВ, «ХАЛЫҚТЫҚ БИҒАЛИЕВТЕР ОТБАСЫЛЫҚ АНСАМБЛІНІҢ» МҮШЕСІ:
Әкем мәдениет үйінде директор болды. Біз бала-шаға бәріміз сол мәдениет үйінде «Ямаха» аспабыменен ән салып, халыққа көңілдеріне демеу болдық осы өнерменен. Әкеміздің бізге айтқаны сол кезде – қандай мамандық иесі болыңдар, міндетті түрде әр қазақтың ұл-қызының бойында бір өнері болуы керек деп айтқан.
Халықтық ансамбль Қазақстан ғана емес, Ресейдегі қандастарға да жеке концерт өткізіп тұрады. Мұндай жетістікке жету оңай емес. Өйткені Отан – отбасынан басталады. Яғни, шағын мемлекеттің іргетасы мықты болса, онда елдің де іргесі берік болғаны, - дейді отағасы Марат Биғалиев.
Е. Карин