Атырауда облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы басталды. Абай ескерткішін орнататын компаниядан қомақты пара алды деген күдікке іліккен 41 жастағы шенеунік былтыр желтоқсанда ұсталған еді. Тергеу 8 айға созылды, іс сотқа түскен соң да отырыс қайта-қайта кейінге шегеріліп келді. Бакытгүл Хаменова сотқа тергеу абақтысынан жеткізілді. Отырыста өзін салмақты ұстады. Бірақ, ол айыптау актісін алмағанын мәлімдеді.
Бақытгүл ХАМЕНОВА, СОТТАЛУШЫ:
Құрметті сот, мен айыптау актісін қолыма алған жоқпын. Мен 8 ай бойы тергеу абақтысында болдым. Пост кезекшілері маған бір адам келіп тұрғанын айтты. Бірақ прокурор ма, тергеуші ме, кім екенін айтпады. Мен қорғаушымсыз ешқандай құжат алмайтынымды ескерттім.
Хаменоваға қатысты сот отырысына келгендер көп болды. Туған-туыстарынан бөлек, қарапайым тұрғындар да бар. Олардың біразы залға сыймай, отырыс біткенше сыртта күтіп тұрды. Сотталушы айыптау актісімен таныспағандықтан судья сот отырысын кейінге шегерді.
Жұмағали ТӘШІМОВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ №2 СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Сотталушыға айыптау актісі берілмеді, нақтырақ айтсақ, ол айыптау актісінің көшірмесін алудан бас тартуына байланысты Қылмыстық Процесуалды Кодестік талаптарына сәйкес айыптау көшірмесі берілгеннен соң үш күннен соң сот отырысын бастауға болады. Сондықтан 11 тамыз 10.00ге белгіленді.
Айыпталушы орындығында Бақытгүл Хаменовамен бірге мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев пен «Балқыту»Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестігінің директоры Өміртай Адамов та бар. Олардың бірі «пара алу», екіншісі «пара беру» бабымен істі болуда.
Б. Надірқызы