$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«EХРО-2017» қалашығының 36 нысанының барлығы терроризм қаупі жоғары нысандар қатарына еніп отыр

AstanaTV
14.07.2016ж. 20:00
3000
«EХРО-2017» қалашығының 36 нысанының барлығы терроризм қаупі жоғары нысандар қатарына еніп отыр

«Экспо» қалашығының 36 нысанының барлығы «терроризм қаупі жоғары» нысандар қатарына еніп отыр. Бұл туралы бүгін Бас прокуратура ғимаратында өткен көрменің үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды. Көрме құрылысында жұмыс істеп жатқан 32 мыңнан астам адам арнайы тексерістен өтіп, қалашыққа жарылғыш заттар мен улы заттардың кіргізілмеуі қатаң қадағаланып отыр.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Бүгінге дейін қалашықта 170-тен астам тексеріс жүргізілді. Экспоның барлық 36 нысаны террорлық шабуыл қаупі жоғары деп танылып отыр. Мемлекет басшысы спорттық жаппай іс-шаралар өткізу туралы заңның қауіпсіздік шараларына қатысты өзгерістерін бекітті. Қалашықтың қарауылы, тіпті құрылысшылар да арнайы қызметтің тексерісінен өтті. Оның ішінде олардың түрлі діни ұйымдарға қатысы да қатаң тексерілді.

Құзырлы ведомстволар халықаралық көрме кезінде қалада бірқатар шектеулердің болатынын алдын-ала ескертеді. Мәселен, қару-жарақ саудасы мен бейбіт шеру өткізу тәртібі қатаңдатылады. Мамандар қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырады. Көрменің отыз күнінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сырттан да күш тартылады. Еліміздің Бас прокуроры ол үшін БҰҰ-ның арнайы мамандарының тәжірибесімен бөліспек. Соның арқасында елде адамның іс-қимылы мен сөйлеу мәнерінен күдіктіні сырттай танитын «профайлер» мамандар дайындалады. Елорданың қауіпсіздік деңгейі арнайы картаға сызылмақ. Смартфонға орнатылған бағдарлама арқылы қаланың қай бөлігінде ең көп қылмыс жасалатыны, қай аудан ең қауіпсіз екені белгіленеді. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ