Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

"Төленетін қаржы-мардымсыз, жұмыс-өте ауыр",-тас қалаушы

AstanaTV
16.08.2022ж. 20:00
1701
"Төленетін қаржы-мардымсыз, жұмыс-өте ауыр",-тас қалаушы

Тас қалаушылар еңбектері еленбегеніне наразы. Құрылыстың шаршы метріне төленетін қаржы мардымсыз, жұмыс өте ауыр дейді. Тапқандары тамақтан артылмайды. Шағымдарын айтып, шырылдап жүр. Бірақ талапты тыңдар тарап табылар емес. Тәжімұрат Әлжанов толықтырады.  

Бір топ тас қалаушы осымен екінші рет жиналып отыр. Әрқайсысы әртүрлі құрылыс мекемесінде қызмет етеді. Бірақ ешқайсының келісімшарты жоқ. Яғни, жалдамалы жұмысшылар. Олардың талабы-құрылыстың шаршы метріне төленетін қаржыны өсірсе дейді.

Ерсайын ОРЫНБАСАРОВ, БРИГАДИР:


Қазіргі таңда бір бөлменің бағасы 15 млн теңгеден басталады. Біздің бағасымыз әлі 8-10 мың теңге. Квартираның бағасы 10 млнға өседі да, ал біздің бағамыз әлі тұрақталып тұр.

Негізі қызыл кірпішті өру шаршы метріне 20 мың, ал газоблокқа 15 мың теңге төленуі тиіс. Наразылық білдірушілер қолымызға соның жартысы тиеді дейді. Пайдасын екі ортадағы делдалдар көріп отырғанға ұқсайды. Тіпті қауіпсіздікке арналған құрылғылар мен жұмыс құралын өздері сатып алатын көрінеді.

Амангелді МҰРАТОВ, ТАС ҚАЛАУШЫ:

Генподрядтар тікелей бермейді ол бағаны. Ортада жүрген ИП, ТОО олар өздерінің маржа дейді ғой өз пайдасын көреді. И ортада НДС бар, айналып келгенде бізге тиын түседі қолымызға. Генподрядтан бізге беретін инструменттері болады. Кірпіш көтеретін гидротелешка дейді, неше түрлі заттар кейбір кезде өз ақшамызға сатып аламыз.  

Елордадағы зәулім ғимараттың барлығын осы құрылысшылар салуда. Күннің суығы мен ыстығына қарамайды. Уақытпен санаспайды. Өмірін қауіпке тігіп жүр. Денсаулығы сыр беріп, жұмысқа жарамай қалғаны қаншама? Келісімшарт болмағандықтан  құқығымызды қорғай алмай жүрміз дейді.
 
Төлеген КҮНӘДІЛОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Бұл бір күндік жұмыс емес қой. Басын бастап, формализацияға кіргізсек, осы жігіттермен бірге типтік келісім договор жобасын әзірлеп жатырмыз. Типтік жоба беріп, қандай бір обьем алған кезде тарифтік бағаларын қойып, формалды, заңды жұмыс жасауға негіз болады.

Ал еңбек инспекциясының өкілі мемлекеттік орган ретінде компаниялардан бағаны өсіруді талап ете алмайтындарын кесіп айтты.

Ерлан МАХАШОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ОРТА САПАСЫ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:


Жұмысшылардың талаптарын тыңдадық. Бұл сұрақты мердігер мекемелермен талқылаймыз. Шаршы метрге төленетін тариф жұмыс берушілер өз іштерінде келіседі. Нақты қабылданған шешім туралы қосымша хабарланатын болады.

Наразы жұмысшылар 17 тамызда қайта жиналатын болып келісті. Ол басқосуға әкімдік пен құрылыс компаниясының өкілдерін тағы шақырмақ.

Т. Әлжанов