$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мәжіліс депутаттары Алматы нысандарын аралады

AstanaTV
14.07.2016ж. 20:00
1871
Мәжіліс депутаттары Алматы нысандарын аралады

«Әлемдегі қаржылық қиындықтарға қарамастан, елдің экономикалық әлеуеті тұрақты дамып келеді»,- деді бүгін Алматыға іссапармен келген Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева.

Бүгін ол кондитерлік фабриканың ахуалымен танысты. Елдегі ең ірі «Рахат» кондитерлік фабрикасының ұжымы депутаттарға цехтың бүгінгі тіршілігін айтып, озық технологиялардың күшімен нарыққа шығып жатқан тәттілердің дайындалу процесін көрсетті.

Қазір тәттілер дайындайтын аталған кәсіпорында 3 мың 400 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тәттілердің 10 топқа бағытталған 250 түрін өндіреді. Әсіресе, сусамыр дертіне шалдыққан жандарға арналған қуаттылығы төмен, қанты табиғи шикізатпен алмастырылған өнімдерге деген сұраныс көп. Тәттілер тек ел нарығын ғана қамтып қоймай, шетелдерге де экспортталады.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі:

Жаңа инвесторлардың келуімен жаңа технологиялар енгізіліп отыр. Бірақ продукцияның сапасы сақталуда. Екіншіден, тұрақты жұмыс істеп отырған мекеме - ол қала бюджетіне тұрақты салықтардың түсіп отыруы. Ал, үшіншіден, «Рахат» фабрикасының өнімдері - бірінші мұқтаждықты жабатын өнімдер емес. Бірақ оған қарамастан, оған деген сұраныс азайып отырған жоқ. Халықтың сатып алуы төмендеп отырған жоқ. Ол деген сөз халықтың әлеуметтік жағдайының тұрақтылығын көрсетіп отыр.

Депутаттар шаһардағы Универсиада өтетін нысандарды аралады. Қазір 12 мың орынды мұз сарайы жоспарланған мерзімінен үш ай бұрын дайын болған. Қалған нысандарда құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Мәжіліс депутаттары жергілікті билік өкілдеріне Универсиада нысандарының жарыстардан кейін қаңырап бос қалып қалмауы керектігін де ескертті.

Наиль Нұров, Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Мұз сарайын жоспарланған мерзімінен үш ай бұрын тәмамдадық. Қалған спорт алаңы, атлеттер қалашығы құрылысының 80 пайызы аяқталуға жақын. Шаһарда бұрыннан бар спорттық нысандарды да біз кем-кетігін түгендеп, жаңартып жатырмыз. Универсиадаға 198 күн қалды. Бүгінгі күні 64 ел жарысқа қатысуға ниет білдіріп отыр. 

Айгүл ЕРМАХАН