Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

"Ақы төлеп, баласын 1 апта қарап беріңізші деп тастап кететіндер бар",-бала күтуші

AstanaTV
17.08.2022ж. 20:00
2167
"Ақы төлеп, баласын 1 апта  қарап беріңізші деп тастап кететіндер бар",-бала күтуші

Ата-аналар өз баласынан қашып жүр ме? Елімізде жұмысбасты ата-ана көбейген. Салдарынан, кәмелет жасқа толмаған балалар арасында қылмыс пен есірткіге әуестік  арта түскен. Біреулер мұндайда уақыттың тапшылығын айтса, енді біреулер жұмыстың бастан асатынын айтып сылтауратады. Перзентін күтушінің қолына апталап тастап, қамсыз жүре беретін әке-шеше неге көбейіп кетті?  Мәселенің мәнін тілшіміз Аружан Задабек тарқатады.

Әлеуметтік желіні ашсаң  оқыс оқиғаға тап болған жасөспірім, біреуден зәбір көрген бүлдіршін, өзгеден мейірім іздеген жеткіншек көп. Олар желідегі беймәлім жанмен де сырымен бөліседі, өзіне көңіл бөлмейтін ата-аналары туралы ақтарылады.

Меруеш Башайқызы – 6 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Оның ойынша, мейірім шуағына бөленбеген перзенттер қамқорлықты сырттан іздейді.  Мансап пен отбасын қатар алып жүрген қоғам белсендісі ретінде жұмысбасты аналардың көбеюі - бала тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жатыр дейді.
 
Меруеш БАШАЙҚЫЗЫ, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Материалдық жағына көп мән беріп, оларды автомат қылып қойдық. Мектепке апарамыз, әкелеміз. Бірақ оның тәрбиесі не болып жатқанына көңіл бөліп жатқан ата-аналар өте аз деп айтуға болады 24 сағатта балаға уақыт бөлмеу деген, енді бұл өз қателігіміз деп санаймын.

Шаруаның шаш етектен болуы бала күтушіге деген сұранысты арттырған. Тіпті, ақысын төлеп, сәбиін бірнеше күнге тастап кететін отбасылар бар көрінеді.

Қарлығаш ҚУАНЫШОВА, БАЛА КҮТУШІ:

Неше түрлі ата-аналар бар. Күндіз де, түнде де тастап кететіндер болады. Араларында 7-8 жастағы балалар да, әлі жасқа толмаған бөпелер де бар. Даже 2 күн, 3 күн, 1 апта  қарап беріңізші деп айтады. Мен ол кезде бірден бас тартамын. Өйткені, бала бәрібір мамасын сағынып, жылайды.

Балаға көңіл бөлмеу – қоғам зардабы. «Саналы ұрпақ-ұлт болашағы» атты республикалық конференцияға жиналған 800-ге жуық ата-ана осылай дейді. Әр қаладан келген белсенділер бала мен ата-ана арасында ешқандай сыр, жасырылған жәйт болмауы керек екенін айтты.

Зәуре САДЫҚОВА, «СЕНІМЕН БОЛАШАҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АТА-АНАЛАР КОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жұмысбасты болып кетті. Олар ең басты балалардың материалдық проблемаларын алға шығарып, балаларымен араласудан қалды. Ата-аналары отбасында, балаларымен көбірек болса екен.

Жиынға ата-аналармен бірге министрлер, депутаттар мен мемлекет қайраткерлері қатысты. Олар әртүрлі болса да, пікірі ортақ- баланы тәрбиелеу үшін алдымен ата-ана өзін тәрбиелеу керек. Сонда ғана уақытын перзентіне арнайтын әке-шеше мен саналы ұрпақ болады- дейді.

А. Задабек