Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбеде тұрғындар үш жылдан бері өз пәтерлеріне кіре алмай жүр

AstanaTV
17.08.2022ж. 20:00
1196
Ақтөбеде тұрғындар үш жылдан бері өз пәтерлеріне кіре алмай жүр

Ақтөбенің Қарғалы тұрғын үй алабы 47 үйдің тұрғындары үш жылдан бері өз пәтерлеріне кіре алмай жүр. Олардың  мердігер мекемеге өкпесі қара қазандай.   Ал құзырлылар пәтер кілттерінің қашан берілетінін нақты айта алмайды. Мәселе неде? Тілшіміз анықтап көрді.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Бұл үш қабатты тұрғын үй 2019 жылы қолданысқа берілуі тиіс болған. Бірақ бұл үйден пәтер алған тұрғындар өз шаңырақтарына үш жылдан бері кіре алмай жүр. Тіпті құрылыс материалдарының өзі осылай ашық- шашық күйі жатыр.


Жанат Төрахметова  ауылдағы үйін сатып, барлық жиған-тергеніне осыдан үш бөлмелі пәтер алған. Алайда әлі әр жерді паналап жүр.

Жанат ТӨРАХМЕТОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы үйді қашан береді. Қай уақытта қолданысқа береді. Қаншама тұрғын жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Шиттей бала-шағамызбен.

Шаңдыбай СӘДУОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ақшасы төленіп тұр. Взносын төледік. Ойбай сразу береміз деді. Міне үш жыл болды. Осыны әкімдер шешіп берсін. Үш жыл бойы жүрміз қаңғып квартирада.

«Нұрлы жер» бағдарламасымен осы үйден жетпіс шақты отбасы пәтер алған. Құрылыстың қазір  тоқсан пайызы бітіп тұр.  Тек ішіндегі ұсақ-түйек шаруалар қалған. Алайда, құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты мердігер мекеме оны  аяқтай алмай жатқан көрінеді.

Бауыржан ЖАНТУРИН, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қазір жоба жасаушылармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нысанда толық аяқтау үшін  келісім шартта көрсетілген сомманы көбейту қажет болып тұр. Мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.  

Шенеуніктердің айтуынша, құрылысқа бөлінген қаражат жетпей қалған. Енді  аяқтау үшін тағы да қазынадан қаражат қарастырылмақ.  Бірақ тұрғын үйдің қашан қолданысқа берілетіні әзірге белгісіз.

Б. Рақметова