Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

"Мұғалімдер сенбі күні демалуы керек, балаларының қасында болуы қажет", - министр

AstanaTV
19.08.2022ж. 20:00
2441
"Мұғалімдер сенбі күні демалуы керек, балаларының қасында болуы қажет", - министр

Елімізде 500 мыңға жуық оқушының үлгерімі төмен. Олар қатардан қалмау үшін арнайы жоба қолға алынды. Бұл туралы педагогтердің республикалық тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Жаңа жоба «Цифрлық педагог» деп аталады. Оқу үлгерімі төмен балалар үшін әр жұма сайын бірнеше пән бойынша қосымша сабақтар өткізіледі. Оған психологтар көмектеседі. Ал мектеп мұғалімдері 5 күндік жұмыс форматына көшеді.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ – ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Үш ауысымда білім беретін мектептерді қоспағанда, барлық білім ордаларын бес күндік жұмыс форматына көшіру туралы шешім қабылдадық. Бұл мектеп директорларына да, мұғалімдерге де және барлық қызметкерлерге де қатысты. Мұғалімдер сенбі күні демалуы, балаларының қасында болуы қажет деп санаймыз.

Мектепке дейін білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі де қарастырылуда. Жүктемені азайту үшін, бір топқа екі тәрбиеші жауапты болады. Балабақшаны қаржыландыруға қатысты жаңа жүйе енгізілмек. Пилоттық жоба вайчер деп аталады. Бірақ қаржы ата-ананың қолына берілмейді. Министр алдымен «әлеуметтік әмиян» енгізілетінін, яғни қаржы тетіктері цифрландырылғаннан кейін ғана оның жүзеге асатынын айтты. Министр мектеп пен колледжге, балабақшаларға білікті директор тапшы дейді. Қазір бос тұрған басшылық орын көп.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ – ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Білікті әрі білімді директор болмаса, онда басқа жасалып жатқан жұмыстар тиісті нәтижесін бермейтіні анық. Директорлардың жалақысы мұғалімдермен салыстырғанда аз екені белгілі. Оларға түрлі айыппұлдар салып кетеді. Ата-аналармен және мұғалімдермен жұмыс істеу керек. Алайда директорлардың алатын жалақысы өте төмен. Сондықтан осы бағытта жаңа оқу жылында бұл мәселені шешу тұрғысында тиісті жұмыстарды атқарамыз.

Т. Әлжанов