Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Елордада футболдан «Super Bol» реалити жобасының финалдық ойыны өтті

AstanaTV
22.08.2022ж. 20:00
1195
Елордада футболдан «Super Bol» реалити жобасының финалдық ойыны өтті

Елордада футболдан «Super Bol» жобасының финалы өтті. «Астана Арена» стадионында ауыл-аймақтан іріктелген «Super Bol» командасы мен «Жеңіс» футбол клубы өзара мықтыны анықтады. Елімізде алғаш қолға алынған жоба жайлы Мерей Қалиасқар айтып береді.

Қазақ футболының ардагер ойыншылары Самат Смақов пен Давид Лория бастаған жоба маусым айында басталған. Оған қатысуға 6 мың адам өтініш берген. Қатысушылар 16 мен 25 жас аралығында. Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайтын жобаның финалына ең үздік 25 футболшы іріктелді. Әрқайсысы да шарболаттай шынығып, шиыршық атып тұрған шын таланттар.

Дунайбек АЯНХАН, «SUPER BOL» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Екі ай бойы осы матчқа дайындалып келе жатырмыз. Көптеген скауттар келетін болғандықтан қобалжу әрине болады. Бірақ біз ол қобалжуды басып, жақсы ойын деңгейін көрсетеміз деген ойдамын.

Айдын ҚОЖАХМЕТ, «SUPER BOL» ЖОБАСЫНЫҢ КРЕАТИВТІ ПРОДЮСЕРІ:

Талантты, дарынды ойыншыларды табу. Бәлкім ұнаған ойыншыларға ұсыныс ұсынады мүмкін просмотрға шақырады. Әр түрлі ұсыныстар болады. Соған қараймыз. Міндетті түрде бұл ойын осы жігіттер үшін өте маңызды болады.

Сайдың тасындай іріктелген әуесқой ойыншылар ел бірінші лигасының Жеңіс кәсіби клубына лайықты қарсылас екенін көрсетті. «Астана Аренада» өткен ойынның негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталып, қос команда пенальти сериясында мықтыны анықтады. Арман қуған жастарды бір құрамада тоғыстырған «Super Bol» сұрмергендері мүлт кетпей, «Жеңістен» жеңісті жұлып алды. Есеп 6:5.

Ринат АЛЮЕТОВ, "ЖЕҢІС" ФК БАС БАПКЕРІ:

5,6 кісі шықса осы «Super Bol» -дан әрі қарай мен ойлағандай Супербол 2,3 болады. Сонда көп бала профессионально футбол ойнап, командалармен контракт қойып, сөйтіп өссе, жаман болмайды.

Теңбіл допты шыр үйіретін ойыншыларға құда түсу үшін алыс-жақыннан 60-тан аса скаут келді. Олардың арасында шетелдік белді клубтардың мамандары да бар. Жобаның аясында шабуылшы Дунайбек Аянхан «Мақтааралдан» шақырту алды, Әлібек Жардемовтың қолында туған өлкесі «Ақтөбеден» ұсыныс бар, ал жобаның ең жас қатысушысы 25 жастағы қорғаушы Жақсылық Кенжебаевты Павлодар облысындағы «Ақсу» клубы шақырып отыр. Бұл тізім әлі де толығатын секілді.

М. Қалиасқар