$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Малға азық болатын жем сатып алуға 20 млрд теңге бөлінген

AstanaTV
23.08.2022ж. 20:00
1368
Малға азық болатын жем сатып алуға 20 млрд теңге бөлінген

Бір арба шөптің құны қазір 70 мың теңге. Былтыр ол 50 мың теңгеден сатылған. Мұны мал ұстап отырған шаруалар айтты. Былтырғы жағдай түсінікті. Кей өңірлерде қуаңшылық болып, мал азығы аздық етті. Ал биылғы қымбатшылыққа не жорық? Министрдің Үкіметтегі есебіне сенсек, жем-шөптен биыл таршылық көрмейміз. Айтуынша қазірдің өзінде 21 миллион тонна шөп дайын. Нарықтағы баға тұрақсыздығы етке әсер ете ме? Әріптесім Ақбота Базарбай анықтауға тырысты.

100-ден астам мал басын асырап отырған Ақмола облысының тұрғыны етін, сүтін, құртын, тіпті өз малынан артылған жем-шөбін сатып отбасын асырап отыр. Биыл бір бума шөптің құны 15 мың теңге, ал бір арба шөп 70 мың теңге тұрады дейді.

Жазира ТАҢАТАРОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Рассипной телешкадағы шөптер ол 70 мыңнан болып жатыр қазір. Былтыр олар 50 мыңнан болған еді, биыл 70 мыңнан. Ал руллондар былтыр 8 мыңнан 12 мың аралығында болған. Биыл 15 мыңға дейін болып тұр.

Ауыл шаруашылық министрі де биыл жем-шөптен таршылық болмайды деп қуантты. Ауа-райы да шаруаларға қарайласып тұрған көрінеді. Қазірдің өзінде 21 млн тонна шөп қысқа дайын тұр. Одан бөлек қойманы 200 мың тонна мал азығына толтыру үшін Үкімет 20 миллиард теңге бөлген. Дегенмен жем-шөптен тапшылық жоқ, мал басы көбейіп келеді десек те, ет бағасы арзандар емес. Бағаға әсер ете алмай отырғандарын министрде мойындайды.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Мал шаруашылығында да өзінің шығындары болады. Сатып алатын жанар-жағар майынан бастап, қалған керекті заттардың барлығының бағалары өсіп жатыр. Сол себептен біршама өсу болу мүмкін. Ол енді негізгі мал шаруашылығының негізгі пайда алу деңгейін бір қалыпта сақтау керек. Олар шығындалатын болса ертең еттің бағасы да, көлемі де болмай қалады.

Мал азығын дайындау жұмыстары бойынша Маңғыстау мен Атырау облыстары басқаларына қарағанда едеуір артта қалған. Осы орайда Үкімет басшысы бұл өңірлер Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жұмыс қарқынын күшейтуі керек деп тапсырма берді. Үкімет қаржылай да, материалдық-техникалық жағынан да қамтамасыз етіп отыр деген ол, жұмыс істеңдер деп ескертті.

А. Базарбай