Қызылжарда көмір жоқ. Жұрты мәселенің жыл сайын қайталана беретініне наразы. Теміржол бекетіне қара отын келе сала тұрғындар жаппай ұзын-сонар кезекке тұрады. Үлгергені алады, үлгермегені бос қайтады. Жергілікті билік бұл мәселені қалай шешпек? Аймақтағы тілшіміз біліп көрді.
Баяғы жартас сол жартас. Теріскейде жаз аяқтала көмір мәселеге айналады. Аймақта биыл да қара отын тапшылығы туды. Қала тұрғыны Вадим Голодников көмір іздеп теміржол бекетіне осымен үшінші мәрте келіп тұр. Тағы да құр қол қайтуға мәжбүр.
Вадим ГОЛОДНИКОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Маған бір қысқа 6 тонна көмір қажет. Осы айда үшінші рет келдім. Үнемі кешегіп қалам. Көмір кеше бітіп қалыпты. Енді дүйсенбі күні вагон келеді дейді.
Бұл кеше болған ұзын-сонар кезек. Вагон көмір келісімен жұрт оны бірер сағаттың ішінде талап әкетті. Аптасыне екі рет көмір жеткізіледі. Жалпы аймақта көмір мүлдем жоқ емес, кейбір түрлері бар. Бірақ сапасыз деді бұқара. Олар көбінесе сапалысын іздеп әлек. Жауаптылар отынды үздіксіз қамтуда проблемалар туындап отырғанын жеткізді.
Евгения ОСТРОВСКАЯ, СҚО ТҮКШ ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Шұбаркөл көмірі бекетке жүйелі түрде жеткізілмейді. Теміржол компанияларының кесірінен болы отыр. Сондықтан біз министрлікке хат жаздық. Егер бізге күн сайын 10 вагоннан жіберіп отырса, онда жұрт көмірді қажет көлемде бөгетсіз ала алады.
Жалпы, теріскей тұрғындары бір жылда көмірдің 400 мың тоннасын қажет етеді. Әзірге бұқара 40 пайызға қамданған. Жергілікті шенділер бағаны бірқалыпты ұстауға күш саламыз деді. Бүгінде аймақта қара отынның бағасы 10 мен 17 мың теңгенің арасында саудалануда.
А. Құрманкин