Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Биыл елордада 26 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады

AstanaTV
25.08.2022ж. 20:00
1238
Биыл елордада 26 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады

Биыл елордада 26 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда мың балаға көп. Оқушы санының өсуі – мектеп тапшылығын туындатқан жоқ па? Бүгін бас қалада дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп, оған 20 мыңнан астам білім ошағының қызметкері қатысты. Тілшіміз айтып береді.

1-сыныпқа аяқ басқан балдырғандардың жыл сайын көбеюі мектеп тапшылығын туындатып отырғаны жасырын емес.Қазір елордада 150-ден аса орта білім беретін ошақ бар. Жыл соңына дейін олардың қатарына 11 жаңа мектеп қосылмақ. Ал 2030 жылға дейін білім орталықтарының санын 72-ге көбейту жоспарда бар. Мұны қала әкімінің орынбасары айтты.

Есет БАЙКЕН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2030 жылға болжаммен алып қарайтын болсақ, балалар саны 400 мыңға жетуі болжанып отыр. Сондықтан осындай талап, қазіргі негізгі сұраныстардың бірі – мектеп желісін кеңейту және жаңа мектептер санын ұлғайту. Мұнымен қоса, ол мектептің ішінде кім біздің балаларымызға білім береді? Осы мәселені тамыздық конференцияда кеңінен талқыладық.

1-сыныптан бастап «Еңбекке баулу» пәні қайта енгізіледі. Сонымен қатар 7-сынып оқушылары үшін болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін жаңа пән қосылмақ. Эксперименттік жоба ретінде мектеп жанынан жылыжайлар ашу да қарастырылып отыр. Жиынға жиналған ардагер ұстаздар жаңашылдықтар – баланың оқуға деген ынтасын арттыра түседі -дейді.

Григорий ШИШОВ, АРДАГЕР ҰСТАЗ:

Бүгінгі мереке құтты болсын! Барлығыңызға сәттілік тілеймін! Жиында оқу жылындағы өзгерістер туралы айтылды. Маған қатты ұнады. Бала тәрбиесі – біз үшін өзекті тақырып. Жаңа пәндердің қосылуы – өте құптарлық жәйт. Себебі, балаға мамандық таңдауға көмек керек.

Сондай-ақ, өткен жылдан бері республика бойынша 700-ден аса балабақша ашылды. Нәтижесінде, кезек 30 процентке қысқарды. 100-ге жуық колледж жанынан студенттерді жұмысқа тарту үшін шағын кәсіпорындар құрылды.

А. Задабек