$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылорда облысының ұстаздары Тамыз кеңесінде бас қосты

AstanaTV
26.08.2022ж. 20:00
2001
Қызылорда облысының ұстаздары Тамыз кеңесінде бас қосты

Қызылордада алдағы 3 жылда 32 мектептің іргетасы қаланады. Оның 20-сы мемлекеттік бюджет, ал қалғаны инвесторлардың қаражаты есебінен салынбақ. Бұл туралы облыс әкімі тамыз кеңесінде айтты.

Биылғы жылы білім саласын дамытуға 205 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл аймақ бюджетінің 50 процентке жуығын құрайды. Соған сай саладағы бірқатар түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылуда.

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

6 мектептің 3 аусымға өту қаупі бар. Ал 4 апатты деп танылған 3 мектептің мәселесі биыл шешімін тапты. Оның екеуін қыркүйек айында табыстаймыз, білім күніне. Биылдың өзінде облыста 6 жаңа мектеп бой көтереді. Оның 2-еуі келер айда, қалған 4-еуін жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалуға береміз.

Жиында білім саласы ардагерлерінің мерейі үстем болды. Аймақта тұғыш рет ұстаздарға Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Одан өзге, үздік білім ошағы болып танылған ауыл мектебіне 34 млн.теңгенің сертификаты табысталды.

Руслан СЕЙСЕНОВ, Ұ.ҚАРАМАНОВ АТЫНДАҒЫ №262 МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл қаржыны біз мектептің техникалық базасын нығайтуға жұмсаймыз. Ұстаздарымыз кәсіби байқауларда бас жүлде иегері атанып, мінекей, ауданның, облыстың мәртебесін асқақтатты.

Тамыз кеңесінде 15 жастағы Арман Аманжоловқа демеушілер есебінен 2 бөлмелі пәтердің кілті берілді. Жеткіншек кәріз құдығына құлап кеткен 2 жастағы баланы аман алып шыққан еді.

Аймақта «Тегін техникалық және кәсіби білім беру жобасы» белсенді жүзеге асуда. Бұл мақсатта 5 мыңға жуық мемлекеттік тапсырыс берілген. Оған қоса, 100 түлекке жоғарғы оқу орына облыс әкімінің гранты табысталған.

М. Тоқтасынқызы