Енді Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке ретінде тойланбауы мүмкін. Бір топ Мәжіліс депутаттары осындай ұсыныс тастады. Олар "Мерекелер туралы" заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу керек деді. Осыған сай 25-қазан "республика күнін" қайта жаңғыртуды сұрады. Толығырақ тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.
Қазақстандағы тағы бір атаулы дата қайта жаңғырмақ. Соңғы 13 жылдан бері елеусіз қалған 25-ші қазан "Республика күні" ұлттық мереке мәртебесі қайта қайтарылуы мүмкін. Парламент Мәжілісінде депутаттар көтерді.
Жанарбек ӘШІМЖАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 маусымда Ұлытаудағы ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес "ҚР мерекелер туралы" заңға қатысты да өзгерістер осы заң жобасында енгізілген. Яғни 25 қазанда тәуелсіздік декларациясы жарияланған күн ұлттық мереке республика күні ретінде айқындау.
1990 жылдың 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен "Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларация қабылданған еді. Сол сәттен бастап Қазақстан еңсесін тіктей бастады. Қабылданған декларация тәуелсіздіктің іргетасы саналды. Алайда бұл күн мемлекеттік мерекелер тізімінен 2009 жылы алынып тастаған. Атаулы дата бүгінде көптің жадынан шыға бастаған. Елордалықтар арасында жүргізген сауалнама осыны көрсетті.
БЛИЦ:
- Оны мүлде білмеймін ғой, қандай не ол?
- Бір жылдары сол мейрам алынып тасталды. Қазіргі таңда қолдаймын мереке ретінде қабылданғанын.
- 25 немене, (25 қазан күні) не?
- Мен онша жақсы түсінбеймін.
Сондай-ақ, депутаттар 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастауды ұсынды. Мұндай қадам референдумда қабылданған өзгерістерге толық сай келеді дейді,-сарапшылар
Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ, САРАПШЫ:
Біз референдум арқылы Конституцияға да өзгерістер енгіздік. Сол кезде ешкімнің, ешбір адамның артықшылығы болмау керек деп. Бұл демократияның қағидаттарында солай болу керек еді ғой. Біз эмоцияның жетегінде біраз жылдар сол шешімді қабылдаған болатынбыз.
Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:
Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке қатарынан алып тастау әзірге ұсыныс қана. Парламентте қолдау тапса, онда бірінші желтоқсан күнтізбеде қызыл күн болып белгіленбейді.
Б. Сатуов