Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Павлодар облысы жылу маусымына дайын емес

AstanaTV
08.09.2022ж. 20:00
1449
Павлодар облысы жылу маусымына дайын емес

Павлодар облысы жылу беру маусымына дайын емес. Қазандықтарды жөндеу жұмыстары бітпеген. Өңірдегі ең ірі Екібастұз шаһарында да жағдай оңып тұрған жоқ. Күз айы басталса да, жоспарлы жұмыс аяқталмаған. Ал Майқайың кенті дәл қыс басталғанда жылусыз қалуы мүмкін. Қысы ерте келетін өңірдің қасқа дайындығын әріптесім Өзгеріс Қуанар біліп келді.

Екібастұз қаласы жылу маусымына әлі дайын емес. Бұған кәсіпорынның әбден тозуы себеп болып отыр. Қазір қазандықты жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қашан аяқталары әзір белгісіз.

Павел МЕЛЬНИЧУК, «ЕКІБАСТҰЗ ЖЫЛУ ЭНЕРГО» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Жоспарланған жұмыстардың осы мерзімде 93 проценті атқарылуы тиіс еді. Алайда, қазір тек 80 проценті ғана орындалды. Қажетті жабдықтарды алып жатырмыз. Мердігерлерге қосымша жұмыс күшін тарту керек деп талап қойдық.

Ал Майқайың кенті биыл қыста жылусыз қалуы мүмкін. Себебі, жылуға жауапты мекеме қызмет көрсетуден бас тартып отыр. Айтуынша, келісім шарт мерзімі аяқталуға жақын. Ал мұнда 10 мыңнан аса халық бар.

Қуаныш БОТИН, «МАЙҚАЙЫҢ АЛТЫН» КОМБИНАТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
 
Біздің Майқайыңды жылумен қамту келісім шартымыз 27-қараша күні күшін жояды. Осы кентті жылыту үшін біздің кәсіпорын жылына 200 млн. теңгеден астам шығын көріп отыр. Қазір қаржылық қиыншылықтарымыз бар. Сондықтан да бас тартып отырмыз.

Облыс орталығында да жағдай мәз емес. Жылу қазандықтарын жөндеу жұмыстары бітпеген.  

Асхат ЖАҚЫПОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бізде жоспарға сәйкес 38 жабдықтар жоспарланған. Қазіргі күнде 16 аяқталды.  15-нде жұмыстар жүргізіліп жатыр кестеге сәйкес. Және де 7 мерзімге сай уақыты келген жоқ. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

Өңірдегі жылу маусымына дайындықтың нашар екенін Үкімет басшысы да біледі.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Дегенмен де, тұрғын үйлердің кестеден кешігу фактілері де бар. Мысалы, Павлодар облысында 66 жарым процент. Халыққа жылу уақытылы беріліп, көмірмен проблема болмауы тиіс.

Керекуде жылудың жыры жырланғалы қай заман. Қыс басталса өз үйінде бүрсеңдеген бұқараның базынасын жыл сайын көтереміз. Қанжылым пәтер ішіндегі батериялар жылу шашпайды. Шенеуніктер қазандықтың қауқары кеткенін айтып ақталып әлек. Дейтұрғанмен жылу беру маусымы 19-қыркүйекте басталу керек. Саусақпен санарлық күн қалды. Жергілікті билік уәдені үйіп-төкті. Оның да ауылы алыс емес.

Ө. Қуанар