$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде не айтылады?

AstanaTV
08.09.2022ж. 20:00
1563
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде не айтылады?

Келесі аптада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Қазақстан бастамасымен өткізіліп келе жатқан шара бүгінде әлемдік деңгейдегі форумға айналды. Биыл да ауқымды әрі маңызды болайын деп тұр. Президент шақыруымен Рим Папасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келмек. Сонымен, діндер көшбасшылары жиналатын жиында не айтылады? Тілшіміз анықтап көрді.

Қазақстан бастамасымен өткізіліп келе жатқан шара бүгінде дүниежүзілік форумға айналды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі 2003 жылы өткен. Оған ислам, христан, буддизм, индуизм, иудаизм діндерінің өкілдері қатысты. Әлем тарихында бірінші рет ірі дін өкілдерінің басы қосылып, бейбітшілік пен келісімді ту етті. Әр басқосуға 50-ге жуық мемлекеттен 80-нен астам делегат қатысады. Осы жолы 100-ден астам делегат келеді деп жоспарлануда.

Нұрдәулет ӘЛМҰҚАНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ДІН ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:


Жалпы дін деген ұғым  ешқандай бір қастандық жасау емес. Керісінше бейбітшілік пен келісімді дәріптейтін. Сол себептен де осындай  біз көп ұлтты және көп дінді мемлекетпіз, сонымен қатар біз толеранттымыз. Толеранттылықтың нұсқасын тек өзімізде ғана емес, сонымен қатар әлемге паш ету мақсатында да осы іс-шараны ұйымдастырып жатқан жайымыз бар.


Аталған съез дін ғана емес әлемдік деңгейдегі шешілмей жатқан түйіткілді мәселелерді де талқылайтын бірегей алаңға айналып үлгерді.  Ынтымақты ту еткен іс-шараның биылғы ерекшелігінің өзі Рим Папасының келуі болмақ.  

Назым ЖАНҒАЗИНОВА, ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІНІҢ VII СЪЕЗІНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Экспоның алаңында 14-і күні 2 сағат ішінде үлкен месса өтеді. Оны Рим Папасы өткізуде. Бұл үлкен дінаралық ритуал, дін ритуалы. Сыйыну дейміз ғой. Сол мессаға 10 мың адам жиналуда. Жалпы бүгінгі таңда  Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әлемнен, Еуропадан, Ресейден, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінен көптеген қонақтар келуде.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі былтыр өтуі керек болған. Оған карантин кедергі болды. Ал биыл шара 14-15 қыркүйекте Елордада өтеді. Форумға келгендер пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлін кеңінен талқыламақшы.

А. Базарбай