$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Алматыда жол апатынан мотоцикл жүргізушісі көз жұмды

AstanaTV
09.09.2022ж. 20:00
1447
Алматыда жол апатынан мотоцикл жүргізушісі көз жұмды

Алматыда жол апатынан мотоцикл жүргізушісі көз жұмды. Полицияның дерегінше, ол тиісті ара қашықтықты сақтамаған. Осының салдарынан бір бағытта  жүріп келе жатқан жеңіл көлікке соқтығысыпты.

Оқиға орнына арнайы мамандар жеткен. Өкінішке қарай, мотоциклді тізгіндеген 1992 жылғы ер азамат алған жарақатынан қайтыс болды. Бұл оқиғаға қатысты «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция мамандары жыл басынан бері мотоцикл қатысуымен болған жол апаттарының санын айта алмады.
 
Гауһар ЖАНТУЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазіргінің бәрі мотоцикл емес, мопед сияқты бірдеңелер ғой. Сондықтан оларды айдайтындардың бәрі жас балалар. Олар правило, ештеңеге қарамайды, жылдамдыққа да қарамайды.

Көліктің осы түрін пайдаланатындар қала халқын мезі еткен. Өкірген дыбыс шығарып, жоғары жылдамдықпен жүйткитін мотоцикл жүргізушілеріің әрекетін түсіне алар емес. Олардың әдейі тұрғындардың ызасын келтіріп, тыныштығын бұзған видеолар әлеуметтік желілерде тараған еді.

БЛИЦ:

- Терезе таңертеңге дейін ашық тұрады. Өте қатты бір жарыстың дауысы. Мен білемін – ол мотоциклдегі жас балалар, мүмкін, курьер ме екен. Үлкен жылдамдықпен жүреді. Негізінде біздерге зияны бар.

- Түнде, особенно, мына көшемен дарылдатып қатты жүреді. Енді мазамызды алады, әрине. Біз үлкен кісілерміз. Бізге тыныштық керек.

Айта кетейік, заңға сәйкес, тыныштықты бұзғаны үшін көлік басқарушылар жауапқа тартылады. Олар, ең алдымен, «Тыныштықты бұзу» әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырады. Соның негізінде шамамен 31 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі.


М. Жақан