$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Ұлыбритания 10 күнге қара жамылды

AstanaTV
09.09.2022ж. 20:00
1641
Ұлыбритания 10 күнге қара жамылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігіне барып, II Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Букингем сарайына әлемнің әр бұрышынан көңілхаттар толассыз келіп жатыр. Жаһан жұрты үшін II Елизавета тақта ең ұзақ отырған монарх қана емес, нағыз "Патшайым-ана" болды.   Ұлыбританияның Букингем сарайында  тулар төмен түсірілді. Елде ұлттық қаралы онкүндік жарияланды.

Болашақ патшайым 1926 жылы 21 сәуірде Лондонның Мейфер аумағында Елизавета Александра Мэри Виндзордың отбасында дүниеге келген. Ол таққа отыру кезегінде тұрған төртінші адам еді, яғни ешқашан патшайым болмас та еді.  1936 жылдың желтоқсанында оның ағасы VIII Эдуард тақтан бас тартып, Елизаветаның әкесі VI Георг Патша болды. Сөйтіп, Лилибет 10 жасында тақ мұрагері атанды.

Бұл кадрларда Елизавета 21 жаста. Жас ханшайым бар өмірін халқына қызмет етуге арнайтынын айтып, ант берді. Бұл сөздерді Патшайым арада ондаған жыл өткенде, 1977 жылы өзінің Күміс мерейтойында еске ала отырып: "Терең пайымдауды білмейтін жасөспірім шағымда айтылған ант болса да, еш өкінбеймін және бұл сөздердің ешбірінен бас тартпаймын" деген еді. Солай етті де.  70 жыл елге адал қызмет етті.

Анна УАЙТЛОК,  ЛОНДОН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:  

Кез келген монархтың табыстылығы  монархияны сақтап қалып, сабақтастықты қалдырумен өлшенеді. Ол бұл шартты орындады. Ол үлкен өзгерістер кезеңінде де монархияны сақтап қала алды. Бұл жай сөз емес. Күні кеше жасалған фотолар мен портреттерде біз Патшайымды Чарльз, Уильям және Джордж ханзадаларымен көрдік. Бұл - ұрпақтар сабақтастығы, бұл - болашақ.

Ол - тұрақтылықтың символы еді. Әлем оны сонысы үшін де жақсы көрді.  Елизавета әр британдық отбасының мүшесі, тіпті "сүйікті әжесі" болды. Оның "фирмалық" сән үлгісіне, шляпаларына  қарапайым британдықтар әрдайым таңырқайтын, сүйсінетін. Бірақ, оның жеке өмірі де, қоғамдық өмірі де ауыртпалыққа толы болды.  Ол талай рет сынға ұшырады.   Елизавета мен Филипп ханзадасы арасындағы ұлы махаббатты ғана кір шалмады. Олар 1947 жылы қарашада Вестминстер аймағында үйленіп, 74 жыл бақытты ғұмыр кешті.  

Бернард СКИББЕН:

Ол 17 жаста таққа отырды.  Ерекше жан еді. Жай ғана Патшайым болған жоқ, ұлтына қызмет ететін басшы болды. Оны бүкіл Достастық жақсы көрді. Біз үшін бұл үлкен қайғы.

Честер  НОЭЛЬ:

Ол Ұлы тұлға ретінде есімізде қалады, Себебі ол Англия үшін де, бүкіл Достастық халқы үшін де ұлы болды. Оны жұрт жақсы көрді, құрметтеді. Қайғырамыз, бірақ қайтеміз? Өмір сондай.

Әлемдегі Британия елшіліктеріне гүл шоқтары мен шырақтар қойылып жатыр. Шетелдік көшбасшылар Патшайымның отбасына көңіл айтып, құрметін білдіруде.  Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігіне барып,  көңіл айту кітабына жазба қалдырды.       
 
Ұлыбритания 10 күнге қара жамылды. Енді елді Елизаветаның үлкен ұлы басқарады. 73 жастағы Чарльз Үшінші Карл есімін алды.

Г. Сейтенова