Астана теларнасында жаңа айдар. Бүгін Жолдаудағы әлеуметтік төлемдер мен салықтық реформа жайлы айтатын боламыз. Әріптесім Бекболат Сатуов кезек күтіп тұр.
Рақмет, Әмина! Қоғамда әділеттілік орнайды. Әлеуметтік әлсіз топтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауы осылай басталды. Ассалаумағалейкум, эфирде "Жолдау". Саясатты салмақтап, әлуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған жолдауды тармақтаймыз.
1-ші қыркүйектегі Жолдау көпті елең еткізбей қоймады. Әсіресе "Ұлттық қор" есебінен 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдемақы, бала 1 жарым жасқа келгенше төленетін төлем, екінің бірінің аузында жүр. Елордалықтар арасында жүргізген сауалнама осыны көрсетті.
БЛИЦ:
- Бүлдіршіндер Қазақстанның болашағы ғой енді. Ашылғаны жақсы деп ойлаймын.
- 50 процент аударса, балаң 18-ге толғанша. Ол үлкен көмек болар еді халыққа.
- Енді бір жарым жыл дегенде көмек қой халыққа. Балаға деген.
Бұл жаңалық үлкен қолдау тапты. Әсіресе әрбір балаға төленетін жылдық қаражат көлемі қазір жұрт арасында қызу талқыға түскен. Экономистер мен сарапшылар түрлі цифрларды болжауда. Тіпті ел ішінде балалардың есеп шотына 18 жылда бар жоғы 1 жарым миллион теңге ғана түсуі мүмкін деген ақпаратта жүр. Дегенмен белгілі экономист Мақсат Халық бұл пікірмен келіспейді.
Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:
Қазіргі уақыттағы ұлттық қордың кірістілігі инвестициялық 2-4 пайыздың шамасында деп тұр. Егерде осы көрсеткіштің өзімен қарайтын болсақ, онда 70 мың теңгедей түседі екен әр балаға. Ал онда оны есептеп көрсек 18 жылға жаңағы, оның көлемі шамамен 5 млн 600 мыңға шығып тұр. Шамамен 5-6 млн маңайындағы қаражатқа барады.
Жолдауда қолдау тапқан тағы бір мәселе салықтық реттеу. Демек жаңа Салық кодексі әзірленеді. Жаңа заңда салықтық әкімшелендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс. Сондай-ақ президент салықтық жүйедегі бетпе-бет кездесулерді азайтып, барынша цифрландыруды тапсырды. Айтпақшы, жаңа салықтық реформадан енді бай-бағландар қашып-құтыла алмайды. Себебі мемлекет басшысы оларға арнайы "сән-салтанат" салығын салуды тапсырды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады.
Әзірге осы. Жолдаудағы жаңашылдықтарды алдағы рубрикаларымызда жалғастыратын боламыз. Әмина, сөз кезегі өзіңде!
Б. Сатуов