Тобыл өңіріндегі Тойғановтар әулетінде үш ғасырлық қобыз бар. Киелі аспап сан жылдар бойы сандық түбінде сақталып келген. Көне жәдігер мұрагерлері оның 18 ғасырда өмір сүрген Тойған бақсыға тиесілі болғанын айтады. Байырға аспап, бақсының қобызы жайлы Заңғар Санай баяндайды.
Алан Асқарұлы- Тойған бақсының алтыншы ұрпағы. Аланның арғы атасы Нұрпейіс Жылгелдіұлы жайында дерек жоқтың қасы. Белгілісі қыл қобыз Тобыл бойына Сыр өлкесінен жеткен. Киелі жәдігер ел ішінде Тойған емші атанған Нұрпейіс бақсыға қонған көрінеді. Оны өз заманында ел-жұртты түрлі ауру-сырқаттан емдеген жан деседі.
Алан ТОЙҒАНОВ, ОҚУШЫ:
Тойған ата деген әулие кісі болған.шын есімі Нұрпейіс.Ол адамды емдеген.Оның үш заты болған. Қобыз, қамшы, қылыш.Менің арманым осы үш заттың басын қосу.
Қыл қобызды Қыдырбек Қиысхан күңірентіп шалып көрді. Қобыз қарағай ағашынан бүтіндей шабылған. Кегежесінің шанақпен тұтасатын жері жез таспалармен жамалған. Ал басы мен шанағында сылдырмақтың яғни бұрынғы бақсылар қобызына тағылатын салпыншақтың орны бар.
Қыдырбек ҚИЫСХАН, ТАРИХ МАГИСТРІ:
Негізі мынадай қобыздар мұражайда тұру керек.Бірақ ақы иесі, мал иесі- жан иесі дейді.Ол кісілердің өз еркінде ғой.Әзірге үйінде сақтап отыр.Үлкен фестивльдер,этнофестиваль, көрмелер болса осы қобызды соған апарып шығарып, шалып ойнап тұруға болады.
Тойған емшінің 18-ші І ғасырда дүниеге келіп, сол дәуірде дүние салғаны белгілі болғанмен, дәл уақыты анықталмаған екен. Қасиет иесінің зираты қазіргі Бейімбет Майлин ауданының Шилі ауылында. Тарихшы Қыдырбек Қиысхан оның жерленген жерін киелі нысандар тізіміне енгізу керектігін айтады.
Қыдырбек ҚИЫСХАН, ТАРИХ МАГИСТРІ:
Тағы бір айтарым Нұрпейіс Жылқкелдіұлы жатқан орын қазіргі Б.Майлин ауданына қарайды. Сол жер Қазақстанның киелі орындарының тізіміне алынса.Яғни жергілікті маңызы бар киелі орындар тізіміне алынса деген өтінішіміз бар.
Бір ғажабы, қобыз бір буын ұрпақты аттап барып қонатын көрінеді. Мәселен, Тойғаннан кейін оны ұлы Қабдолла емес, Ізбасар ұстаған. Тоғызыншы сынып оқушысы Алан Тойғанов қыл қобызға қызығушылық танытып жүр. Бәлкім атадан қалған мұра осы ұлға қонар деген сенім бар.
З. Санай