$514.94 €583.74 ₽6.13
×

"Әлемдегі ең беделді, рухани көшбасшылардың басын қосып, диалог құру біз үшін зор мәртебе",-Қ.Тоқаев

AstanaTV
14.09.2022ж. 20:00
1230
"Әлемдегі ең беделді, рухани көшбасшылардың басын қосып, диалог құру біз үшін зор мәртебе",-Қ.Тоқаев

"Әлемдегі ең беделді, рухани көшбасшылардың басын қосып, диалог құру біз үшін зор мәртебе". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев діндер лидерлерінің бас қосуында осылай деді. Дінбасылардың диалогы   тың идеяларға жол ашып, баршамызды биік белестерге жеткізеді деп сенім білдірді.  Жиында қандай мәселе көтерілді? Дін көшбасшыларын  не алаңдатады? Бекболат Сатуовтың репортажы.   

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Әлем назары -Қазақстанда. Бұл басқосудың жөні бөлек. Пандемиядан кейінгі ауқымды кездесу. VII съездің басты тақырыбы да осы – "Пандемиядан кейінгі кезеңдегі әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі". Съезге  Рим Папасы Франциск пен Әл-Азхардың Жоғарғы имамы  Ахмед Тайып және 50 мемлекеттен 100-ден астам делегация өкілі, оның ішінде, ислам, христиан, буддизм, индуизм, синтоизм діндерінің өкілдері, саясат және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері қатысуда.  

Келелі жиында алғашқы боп сөз алған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  діндер съезі жаһандық деңгейдегі өркениетаралық диалог алаңына айналғанын айтты.  Бұл -тек дінбасылардың кездесуі   емес, саяси шиеленістер мен түрлі деңгейдегі дауларды шешуге сеп болып, бейбітшілікті насихаттау құралы деді. Президент   жиынның елімізде өтуі лайықты шешім екеніне тоқталды. Пандемия адамзат өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, дамушы мемлекеттерді қаржылай қиындықта қалдырды.  Бүкіләлемде инфляция өршіді, азық-түлік тапшылығы туындады. Сонымен қатар алмағайып заманда террорлық қауіп қатердің  қаупі сейілмей тұр. Бұл тұста  мемлекеттер арасындағы ұлтаралық татулық маңызды  деді Президент.   Қазір экономиканы қуаттап қана қоймай, халықты рухани демеу қажет.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Қазіргі күрделі кезеңде съездің тарихи мәні артып отыр. Өйткені халықтар арасындағы келісімді нығайтып, пандемиядан кейінгі әлемде әділетті қоғам құру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда ашық диалог орнату – өте маңызды. Дін көшбасшыларының VII съезі тың идеяларға жол ашып, баршамызды биік белестерге жеткізеді деп сенемін. Біздің мүддеміз және ниетіміз бір. Бәріміз де бейбіт әрі берекелі болашаққа қадам басуды қалаймыз. Осы игі мақсатқа бірге жетейік.

Рим Папасы да дін бостандығы түрлі сенімдегі адамдардың ынтымақ пен мейірімде өмір сүруіне ықпал етеді деді. Қазақстан – осы құндылықтарды сақтауға бейім мемлекет екенін айтты.  Татулықты ту еткен елдің бейбітшілік жолындағы іс-әрекеттері құрметке лайық екенін  атап өтті.  Бұл -Рим Папасының  пандемиядан кейін өзге елге жасаған алғашқы сапары.  Сондай-ақ ол, тарихы терең қазақ елін кесіп өткен Ұлы Жібек жолы жайлы және осы топырақтан шыққан ақын-жазушылар туралы айтып, Абайға ерекше тоқталды. Әрбір сөзінде ұлы ойшылдың ормады ойларын мысал ретінде келтірді.

ФРАНЦИСК, РИМ ПАПАСЫ:

Абай діни ұғымдарының арқасында халқының рухындағы діни түсініктерді жеткізді. Ол барлық жан-тәнімен лайықты адам болу даналығын ұсынды.   Біз өмірбойы өзіміздің аспан астындағы көзқарасымызды кеңейтеміз. Бізге көптеген сұрақтарға жауап іздеу керек. Бізге рухани әлемді байыту қажет. Абай айтқандай, жан тіршілігін рухпен ұштастыру керек. Қазақстан осы құндылықтарды сақтауға оны одан әрі ілгерілетуге бейім. 20 жыл бойы бұл съез өтіп келеді. Биылғы кездесу бізді рухани және қоғамдық дамуға әсер етеді. Пандемиядан кейінгі кезеңде діннің орны қандай екенін көрсетеді.

Ал  Әл-Азһар Жоғары имамы Ахмед Тайеб әлемдегі орын алып жатқан келеңсіздіктерге өкініш білдірді.  Бұл мәселелерді шешу үшін бірігу маңызды, ал бірегейлікті сақтау одан да маңызды деді. Адамзатты жаһандағы апаттардың себебі туралы ойлануға үндеді.

Шейх Мухаммад АХМАД АТ-ТАЙЕБ ӘЛ-АЗҺАР, ЖОҒАРҒЫ ИМАМЫ:

Бұл апаттың барлығы өркениетте адам өз қолымен жасағанының салдары деп ойлаймын. Бір адамның басқа адамға деген қарым-қатынастың бұзылуынан деп ойлаймын. Адам мұндай қылмысқа бармауы үшін, қасиетті дүниеге қол сұқпауы үшін бірлік қағидатын ілгерілету керек. Ізгілік негізі әрдайым сақталған еді. Қазір бұл қасиет діндерге де нұқсан келтіріп отыр. Сенімсіздікке негізделген діндер де бар екенін көріп отырмыз. Мен барлық діндердің құндылықтарын нығайту үшін байыпты жұмыс істеуге шақырамын.

Ал Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысушыларға бейнеүндеу жолдады.  Оның айтуынша, әлем соғыс пен  қақтығысқа,  төтенше гуманитарлық жағдайларға, экологиялық дағдарысқа, аштық пен кедейлікке толы. Діни айырмашылықтарға негізделген жеккөрушілік пікірлер мен кемсітушілік белең ала түскен.   Сондықтан барлық дін өкілдері  бір мүдде, бір мақсат аясында жұмыс істеуі қажет деді. Сонда ғана жаһандық қауіп қатердің алдын алуға болады.  

Б. Сатуов