Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Түркияда шетінеген қазақстандық туристердің сәбиін жерлеу мәселесімен СІМ айналысады

Түркияда шетінеген қазақстандық туристердің сәбиін жерлеу мәселесімен СІМ айналысады

Анталиядағы консулдық қазақстандық туристердің Түркияда шетінеп кеткен сәбиін жерлеу ісіне кірісті. Қазір олар жергілікті муниципалитетпен сөйлесіп жатыр. Бұл жайында Сыртқы істер министрлігі өкілдері хабарлады.  Шетінеген нәресте әкесі Владимир Трощенконың айтуынша, баланың әлсіреуіне жүрегінің бір мәрте тоқтап қалуы себеп болған. Сондай-ақ, екі бүйрегінің жұмыс істемеуі де жағдайды ушықтырып жіберген көрінеді. Тұңғыштарынан айырылған жас отбасы үш апталық ұлдары Дмитрийдің мәйітін бөтен елде қалдыруға мәжбүр.

Владимир Трощенко:

Түркиядан кетер алдында аурухана бізден қандай да бір жағдай болса, баланы сол жақта жерлеуге рұқсат беретін қолхат алып қалды. Басқа амалымыз жоқ. Өйткені мәйітті елге әкелу қыруар қаржыны талап етеді. Бұл қызмет 3-5 мың АҚШ доллары тұрады. Бұған жолдың ақшасын қосыңыз. Дәл қазір бізде мұндай қомақты сома жоқ. Ендігі басты мәселе маусымның 23 мен шілденің 17-і аралығында нәрестеге көрсетілген медициналық қызметтің өтемақысын төлеу болып тұр. Орташа есеппен бұл 20 мың АҚШ долларын құрамақ.

Еске салсақ, жас отбасы Түркияға туристік жолдамамен барған еді. Елена Шевчукова жүктіліктің 24-ші аптасында Антальяда ауруханаға түседі. Дәрігерлер баланы мерзімінен 3 ай бұрын босандырып алуды ұйғарады. Салмағы - 750 грамм сәбиді дәрігерлер 2-і келі болғанша арнайы қондырғыда жатуы тиіс деген болатын. Бұл қызметі үшін клиника отандастарымыздан қомақты қаржы талап етті. Сақтандыру компаниясы алғашқы көрсетілген жәрдем үшін Еленаның есепшотына 271 мың теңге аударды. Ал жаңа туған сәбидің сақтандыру қағазы болмағандықтан, ем-домына кеткен шығынды төлеуден бас тартты.