Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқанд қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысады. Келелі жиыннан біз не күтеміз? Сарапшылар не айтады? Тәжімұрат Әлжанов толықтырады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Өзбекстанда төртінші рет өткізіледі. Бұған дейінгілері тұрақты Ташкентте болған. Бұл жолы Самарқанд таңдалды. Жиынның маңызы да, географиялық ауқымы да кеңейді. 15 мемлекеттің басшысы қатысады деп күтілуде. Ұйымға мүше сегіз мемлекеттің басшысы үш жылдан бері толық құрамда жүзбе жүз кездесе алмады. Самарқандағы саммитке барлығы түгел келуге ниетті.
Болат ӘУЕЛБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ БАС САРАПШЫСЫ:
Иранның бірегей геосаяси орны бар. Біз бұл елді Шанхай Ынтымақтастық ұйымы сияқты ұйымшылдыққа интеграциялау кезінде Парсы шығанағы мен Түркияға, құрлық жолы мен Таяу Шығыс елдеріне шығу мүмкіндігіне ие боламыз. Бұл өте тиімді. Иранның өзі үлкен экономикалық қызығушылық тудыруда.
Самитте талқыланатын мәселенің бірі – туризм. Өзбектердің бұл бағытта көрсететін жобасы жетерлік. Басты мақсат- экономиканы ілгерлету. Азаматтар арасында барыс- келісті арттырып, өзара ынтымақтастықты, бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл тақырып қазір өте өзекті.
Айдар ҚҰРМАШЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Аймақтық қауіпсіздікті сақтау. Яғни, Ауғанстан мәселесі де қаралады. Көліктік дәліздерді дамыту, экономикалық байланыстарды нығайту. Мәдени-гуманитарлық мәселелері бойынша да. Геосаяси жағдайға байланысты қазіргі күні көптеген сауда және экономикалық дәліздер бұзылуда. Сондықтан бізге көптеген басқа мемлекеттермен байланыстарды жандандыру қажет болып отыр.
Қазір бір біріне қырын қарап, қару кезеніп отырғандар аз емес. Сол себепті Азия мен Еуропаны байланыстыратын жаңа жол қарастырып жатқандары бар.
Сапарбай ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
Басқа жолды іздеп жатыр. Қазақстан арқылы, Каспий, Кавказ арқылы Еуропаға шығу жолын іздеп жатыр. Бұл -бірінші мәселе. Яғни, сауда саттық, осы қиыншылықтан шығу мәселесі. Екінші көптен бері айтылып келе жатқан кейбір кезде жүзеге асырылмайды өздерінің валюталарымен сауда жасау мәселесі. Әрине, бұл -өте күрделі мәселе.
Саммит жұмысы екі күнге жоспарланған. Мұнда халықаралық мәселелерді талқылаумен қатар ұйымның географиялық аумағын кеңейту жайы қарастырылады. Самарқанда Шанхай сегіздігіне Иран қосылып, алып тоғыздыққа айналмақ.
Т. Әлжанов