$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Елордаға «Астана» атауын қайтару бірнеше кезеңнен тұрады», - Е.Қаналимов

AstanaTV
15.09.2022ж. 20:00
1187
«Елордаға «Астана» атауын қайтару бірнеше кезеңнен тұрады», - Е.Қаналимов

Елордада қалалық мәслихат депутаттары «Астана» атауын қайтару мәселесін талқылады.  Бүгін олар бұл бастаманы қоғамдық тыңдауға шығарып, қала тұрғындарының  пікірін тындады. Халықтың басым бөлігі бастамаға оң көзқарас танытуда.  Сонымен, қала атауы қашан өзгереді? Оған қанша қаражат жұмсалмақ?  Әріптесім Аружан Задабек жауап іздеді.  

Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сессиясында Елордаға «Астана» атауын қайтару мәселесі талқыланды. Оған онлайн түрде қоғам белсенділері де қатысты. Дегенмен қала атауын өзгерту бірнеше кезеңнен тұратын көрінеді. Бүгін депутаттардың сессиясында, қоғамдық тыңдауда қолдау тапты. Ендігі кезекте оны республикалық ономастикалық комиссия қарайды. Осыдан соң ғана Үкімет арнайы Жарлық әзірлеп, Президенттің қол қоюына ұсынылады. Мемлекет басшысы қол қойған соң елорда атауы өзгереді.   

Сәкен ЕСІРКЕП, НҰР-СҰЛТАН қ.ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


2022 жылғы 14 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының ономостикалық комиссиясының отырысын арнайы өткіздік. Сол отырыста осы айтылған ұсыныстардың барлығын комиссия мүшелері болып талқыладық. Соңында комиссия шешімімен «Нұр-Сұлтан» қаласының атын «Астана» қаласы деп өзгерту жөнінде оң қорытынды берілді.


Мәслихат хатшысы Ерлан Қаналимов бас қаланың атауын өзгертуге «көп қаражат кетпейді» - дейді. Ол цифрлық құжат айналымын алға тартып, шығын 2019 жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз болатынын айтты. Себебі, ол кезде маңдайшаларды, бланкілерді, мөрлерді өзгертуге 30 миллион теңге жұмсалған еді. Ал соңғы үш жылда барлық мемлекеттік органдар құжаттарды цифрлық форматқа көшірген.

Ерлан ҚАНАЛИМОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:


Менің ойымша, цифрлық құжат айналымына көшіп жатқанымызды ескере отырып, биылғы жылы шығындар әлдеқайда аз болады. Себебі қазір көптеген мемлекеттік орган ресми бланкімен ештеңе жібермейді. Барлығы ЭЦҚ қолданады. Сондай-ақ, елорда атауын өзгерткен жағдайда орталық мемлекеттік органдар республикалық бюджеттен, ал жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.


Мәслихат депутаттары Астана атауының қайтарылуы туралы мәселе 2-3 жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтты. Тіпті, тұрғындар тарапынан өзгертуді сұраған 17 ресми ұсыныс түскен. Сондай-ақ, депутаттар жүргізген сауалнама нәтижесінде халықтың 80 проценті бұл бастаманы қолдайтындарын жеткізген. Елордалықтардың пікірін біз де білдік.    

БЛИЦ:

- Қайтадан «Астана» болғанына қарсы емеспін. Себебі, маған «Астана» деген ат қаттырақ ұнайды. Мен туылған кезден бастап Астана болып келе жатқан. Мен оған уже привыкла

- Біз оған үйренгенбіз, бұрыннан бері «Астана» болып келе жатқан. Дұрыс. Елордамыз, оның мағынасы да жақсы.

- Мен өте қуаныштымын. Саған «Астана» деген атау ұнайды. Қайтадан қайтарылғанын қолдаймын. Себебі, қанша естеліктер бар, «Астана» деп шырқалған қанша әндер бар. Құлаққада жағымды естіледі. Өзіміз де үйреніп қалғанбыз.


Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Халық та, Мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері де елордаға бұрынғы атауын қайтаруды қолдап отыр.  Бұл ұсыныс – билік пен халық арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтып, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының іске асып жатқанының айғағы болады  - дейді.

ҚАЛА АТАУЫН ӨЗГЕРТУДІҢ КЕЗЕҢДЕРІ:

ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУ – МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯСЫ – РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОНОМАСТИКАЛЫҚ КОМИССИЯ – ҮКІМЕТ – ЖАРЛЫҚ

А. Задабек