Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Алматыдағы лаңкестік оқиғаның салдары қандай?!

AstanaTV
19.07.2016ж. 20:00
3171
Алматыдағы лаңкестік оқиғаның салдары қандай?!

Алматыдағы атыстан қаза тапқандар саны 6 адамға жетті. Бүгін түстен кейін ауруханада ауыр халде жатқан полиция қызметкері қайтыс болды. 30 жастағы Тимур Бекасылов жансақтау бөлімінде ес жимастан көз жұмды. Бұл туралы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Ал бүгін жаралылардың жағдайын білген әкім материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Ришат Асқарбекұлы толықтырады.

Алматы жұртшылығы бүгін ертемен оқиға болған жерлерге гүл шоқтарын әкеле бастады. Бұл Абылай хан даңғылының бойындағы мемлекеттік кірістер департаменті. Осы маңда екі тәртіп сақшысы күдіктінің қолынан қаза тапқан еді.

Гүлжанат Бағыпар:

Кешегі болған оқиға үнемі біздің есімізде болады. Біздің тыныштығымыз бен қауіпсіздігіміз үшін басын қауіпке тікті. Бұл ерліктерін біз ешқашан ұмытпаймыз.

Шаһар басшысы бүгін қалалық шұғыл көмек көрсететін ауруханаға келді. Зардап шеккендердің туыстарымен тілдесіп, науқастардың қал-жағдайларын білді. Бұл ауруханада оқ жарақатымен түскен екі полиция қызметкерлері жатыр. Олар бір тәуліктен бері әлі ес-түссіз.

Осы жердегі дәрігерлерге сенемін. Қазір жағдайы ауыр, соны білейік деп келген болатынбыз, күтіп отырмыз. Бірақ әлі есін жинамапты ол.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Кешегі қанды оқиғаның тағы бір құрбаны, полиция лейтенанты Тимур Бегасылов бүгін түс қайта көз жұмған. Енді алты күннен кейін отыз жасқа толайын деп отырған марқұм кеше қарулы қылмыскермен бетпе-бет келген болатын. Енді Алматының ауруханаларында барлығы 6 науқас ем алып жатыр. Ал кеше үш жерінен жарақат алған басты күдікті бүгін Сызғанов атындағы ауруханадан уақытша оқшаулау изоляторына ауыстырылып, жауап алына басталды,- деді полиция өкілдері.

Ол оқ атқан 6 адам қаза тапты. Оның екеуі бейбіт тұрғын болса, қалғаны сақшылар. Әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, қайтыс болған азаматтардың отбасыларына 15 млн теңге бөлінеді. Ал жараланған адамдарға 5 млн теңгеден бір реттік жәрдемақы берілмек.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Әкімшіліктің қаулысымен, сол бойынша әлеуметтік жәрдем көрсетіледі. Жарақаттанғандарға да, қаза тапқандар отбасына да көмек жасалатын болады.

Атыстан ауыр жараланған полиция қызметкерлері үшін алматылықтар кешеден бері қан тапсырып жатыр. Бір тәулікте қалалық және республикалық қан орталығына 100 литр қан жиналған. Бұл әдеттегіден екі есе көп, - дейді мамандар.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ