Батыс Қазақстан облысында 27 мыңнан астам «трамадол» дәрісі тәркіленді. Полиция дәріханалар ауыр дәріні рецептісіз саудалағанын анықтаған. Осылайша, 15 құқықбұзушылық тіркелді. Бірақ күдіктілердің көбі қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетті. Мардымсыз айыппұл төлеуге міндеттелді. Осыны жақсы білгендер тіпті шектен шығып, үйін дүкенге айналдырған. Көпқабатты үйдің есігінен терезе шығарып, күндіз-түні саудасын жүргізіп отырғандары да бар. Ал көршілері құзырлы органдарға шағымдану түгілі, ескерту жасауға да қорқады. Заңгерлер жазаны күшейту керек дейді.
Аслан ӨТЕПОВ, ҚҰҚЫҚҚОРҒАУШЫ:
Қазір салынатын айыппұл тым аз. Әзірлеген заң жобасында бұл препараттарды заңсыз сатқан дәріханаға 2 миллион теңге айыппұл салып, кейін лицензиясынан айыру керектігін көрсеттік. Ал жеке азаматтар үш жылға дейін сотталуы тиіс. Әйтпесе қазіргі заң тым жұмсақ.
Құқыққорғаушының айтуынша, Орал қаласының өзінде бұл дәрі 30 нүктеде емін-еркін сатылады. Тіпті саудагерлердің бірі өзін қаладағы «трамадол королімін» деп жариялап, әлеуметтік желіде жар салыпты. Демек бұл іске құзырлылардың да қатысы бар деп күдіктенеді. Көп ұзамай «корольдің» өзі тропикамид тасығаны үшін істі болды.
Лунара АМАНҒАЛИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Орал қаласында «Фольксваген» маркалы автокөлігін тізгіндеген, 1976-ж.т. азаматтың көлігі тоқтатылды. Тексеру барысында тропикамидтің 400 құтысы табылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 296-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Е. Карин