Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Талғарда көлік қағып мерт болған баланың денесі өзінің туған күнінде жер қойнына тапсырылды

AstanaTV
20.09.2022ж. 20:00
2373
Талғарда көлік қағып мерт болған баланың денесі өзінің туған күнінде жер қойнына тапсырылды

Алматы облысында сабақтан шыққан оқушыны қаққан жол апатына қатысты тергеу басталды. Ал, оқиға орнында қайтыс болған 10 жастағы баланың денесін, жақындары жер қойнына тапсырды. Жаңалық ауылындағы жол апаты ауыл тұрғындарының қабырғасын қайыстырып кетті. Бұқара неше жылдан бері елді мекенді жарып өтетін жолға жылдамдықты тежейтін құрылғыларды қоюды сұрап жүр.Құлақ асар жан табылар емес деп отыр. Амалы таусылғандар апаттан соң жолды жапты.   

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан оқушыны көлік дәл осы жерде, яғни, Алматы-Жетіген тас жолында қағып кеткен. Көлік соққысының қатты болғаны соншалық, баланың денесін бірнеше метрге ұшырып әкеткен. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде мұндай жағдайлар жиі олып тұрады.

10 жастағы Мансұр тірі болғанда бүгін 11-ге толатын еді. Туған күнімді сыныптастарыммен тойлаймын деп жүрген ол ойламаған жерден ажал құшты. Жас баланың өліміне ата-анасы ғана емес, бүтін бір ауыл халқының қабырғасы қайысып отыр.

Әлия ӨТЕЖАНОВА, КӨРШІСІ:

Мансұр өте керемет жігіт. Менің балаларымның досы. Бүгін туған күні. Әке-шешесі туған күніне дайындалып жатқан бүгін. Тура осы Мансұрды қаққан жерде өзімнің де екі баламды қақты. Тұңғышым мен кейінгі қызымды. 2016 - да қақты. Неше жылдан бері әлі емдетіп келе жатырмын.

Жергілікті тұрғындар Алматы – Жетіген тас жолының бойында жол-көлік оқиғалары жиі болатынын жеткізді. Себебі, мұнда қауіпсіздік шаралары сақталмайды дейді. Жұрт «жылдамдықты тежейтін кедергілері қойылмаған, көшені жарықтандыру жүйесі істен шыққан»,- деп күйінеді. Әкімдікке қанша жүгінгенімен, талай жылдан бері мәселе шешімін табар емес деді.
 
Сәуле АШКЕЕВА, ЖАҢАЛЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Освещение жоқ. Бізде освещениені қойдыратын кезде үлкен жігітті машина қағып кетті. Прям менің көзімнің алдында қағып кетті. Сол кезде трассаның астына жатып, машинаның астына түспекші болып, освещениені әрең қойдырғанбыз. Енді одан бері қаншама адамды қағып кетті. Біздің талабымыз – бірінші мына жолға лежачийлар қойса, камералар қойса. Ауыл үлкен ғой. Екі басында дежурный патруль полициялар отырса.


Жаңалық ауылы 8 шағын ауданға бөлінеді. Мұндағы балалардың бәрі ауылдағы жалғыз мектепке қарай ағылады. 460 орынға арналған білім ошағында бүгінде 2000 – ға жуық оқушы үш ауысыммен білім алып жүр. Ата-аналарды да алаңдататыны да осы. Қас қарайғанда тас жолдан жанымызды шүберекке түйіп өтеміз дейді.
 
Гүлім ӨМІРБЕК, І.ЖАНСҮГІРОВ АТЫНДАҒЫ №37 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ОҚУ ІСІ МЕҢГЕРУШІСІ:
 
Біздің мектеп үш ауысымдық. Жалпы бала саны 1967 бала оқиды. Кешегі қайтыс болған баламыз сағат 17.15 те сабақтан шықты. Мектеп 460 орынға шақталған. 1 класста 30 баладан, 28 баладан отыр. Талапқа сай емес енді. Сұраныс берілді. Тасымал мәселесі шешілсе, бірден беріледі.

 
Әкімдіктегілер, әдеттегідей, аталған мәселелер шешімін табады деп уәде берді. Алайда, бұқараның бұған сенгісі жоқ. «Құрғақ уәдеге тойдық»,- дейді олар. Шыдамы таусылғандар жол апатынан соң жолды да жапты.

Жергілікті билік өкілдері бұқараның талабына қатысты мардымды жауап бере алмады. Жарықтың мәселесін қашан шететін білмейді.  Мектеп салынады деді, бірақ оның да уақытын нақтыламады.  

Нұрболат МАНАПБАЕВ, ҚАЙНАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Қазір проектісі жасалуда 600 орындық. Оған 1200 бала оқиды. Арғы жерде жері тұр. Көрсеткен болатынбыз қай жерге қандай кедергі керек, қандай пешеход керек. Сергекті бірінші Әлидің поворотынан бастап қойды. Облыс тарапынан жасалатын жұмыстар бар. Біздің тарапымыздан жасалатын жұмыстар бар. Уақытымен орындалады ол.


Дегенмен адам өлміні әкелген жол апатына қатысты тергеу жұмыстары басталған. Көлік жүргізушісі кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кінәсі Заңмен дәлелденсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

М. Жақан