Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқыны басталды

AstanaTV
13.04.2016ж. 20:00
1894
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқыны басталды

Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды. Аймақта су тасқынының екінші толқыны басталды. Есіл өзені арнасынан асып, маңайдағы ауылдар су ортасында қалуы мүмкін. Төтенше жағдай департаменті өкілдерінің мәлімдеуінше, Сергеев су қоймасында су деңгейі 142 сантиметрге көтерілді. Жағдайды өз көзімен көрмекке теріскейге жаңадан тағайындалған Ішкі істер вице-министрі барды. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин сабақтайды.

Қызыл судың кесірінен Солтүстік Қазақстан облысының 8 ауданында және Петропавл қаласында төтенше жағдай жарияланды. Наурыз айынан бастап топан су теріскейдің 403 үйін басты. Бүгінде су астында қалған үйлердің саны 31-ге дейін қысқарды. Бірақ Қызылжар төңірегіндегі Заречный мен Былғары зауыт кенттеріне әлі де қауіп төніп тұр. Себебі Есіл өзені Петропавл маңында шарықтау шегіне әлі жеткен жоқ. Қазірдің өзінде өзен суы қала іргесіндегі ауылдарға апаратын жолды бөгеп тастады.

Есіл арнасынан асса болды, Қазақстан арқылы өтетін Чеблябі-Новосібір тас жолының мына аралығын су басады. Табиғаттың тосын сыйы биыл да бұл жерді айналып өтпеді. 

Құтқарушыларды Үлкен Торанғұл көлінің ахуалы да уайымдатып отыр. Онда су деңгейі 120 сантиметрге көтеріліп, көл тасып жатыр. Бұл жақтан келген қауіп күннен күнге дендеп барады.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Торанғұл көлінен қауіп төніп тұр. Көл арнасынан асып жатыр. Сол маңайдағы Рублевка ауылын су басуы мүмкін. Қазір көл суы жолдың үстімен ағып жатыр. Темір жол да судың астына кетуі мүмкін. Қазір жаппай тұрғындарға хабарлап жатырмыз. Құтқарушылар бұл аралықты күні-түні бақылап отыр.

Ал су тасқынынан зардап шеккен 797 тұрғынның жеті жүзден астамы үйіне қайтты. Қазір арнайы комиссия баспаналардың жағдайын тексеріп әлек.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Енді мынау үйлерге келтірген зиянды бағалауға уақыт керек. Бір айдың ішінде осының бәрі қарастырылып, төленеді.

Жергілікті мешіт болса, судан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр. Мұндағылар табиғи апаттан жапа шеккен жұртқа қол ұшын созуға ниет білдіргендердің қарасы қалың, дейді. Жуырда Тайынша ауданының тұрғындарына азық-түлік және киім-кешек жеткізілген. Қайырымдылық шарасына өзге өңірлер де атсалыспақ.

Қасымхан Исаев, Қызылжар орталық мешітінің найб имамы:

Бірнеше диаспора өкілдері өздерінің көмектерін әкелді. Атап айтқанда, тәжік бауырларымыз жүзден астам аяқ киім, қырғыз бауырларымыз киілмеген таза ең қажетті киімдер әкелді. Түрік бауырларымыз да қырық қаптай ұн және тәтті кәмпиттер, сол сияқты Қызылжар орталық мешітінен де жиырма шақты кілем апарып бердік.

Ал төтенше жағдай департаменті мамандарының айтуынша, Қызылжарда Есіл өзенінің деңгейі 2-3 күннен кейін күрт көтеріледі. 40 шақты үй суда қалуы мүмкін. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялауға әзірленіп жатыр.

Абзал ҚҰРМАНКИН