Солтүстік Қазақстанда бидай арзандады. Көктемдегі бағамен салыстырғанда 1.5 есе төмендеген. Бұны сала мамандары күзгі орақ науқанымен байланыстырады. Алайда, кейбір сарапшылар мұның басқа себептері бар дейді. Шикізат бағасындағы өзгеріс нанға әсер ете ме? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин бидай нарығындағы жағдайды саралады.
Максим Золотилин биыл егін бітік шыққанын айтады. Былтыр қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалардың жағдайы биыл оңалады деп сенеді. Бірақ, бидайдың бағасына қатысты алаңдаушылық бар. Көктемде тоннасы 170 мың теңгеге дейін көтерілген шикізат араға жарты жыл салып, 1.5 есе арзандаған.
Максим ЗОЛОТИЛИН, ДИҚАН:
Гектарынан 20-25 центнерден алдық. Қазір бидайдың үшінші класы 105 мың теңгенің маңайында саудаланып жатыр. Бірақ әзірге мен астықты тапсырып жатқан жоқпын. Қысқа таман қымбаттаған кезде сата бастаймын.
Бағаның арзандауына жиын-терім науқаны ғана емес, Ресеймен арадағы шекараның ашылуы да әсер еткен. Көрші елде бидай әлдеқайда арзан көрінеді. Аймақтағы диірмендер бағасы төмен шикізатты жөн көреді.
Таисия КОЛЕГОВА, ДИІРМЕННІҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
Нарыққа контрабандалық бидай еніп жатыр деп естідік. Оның бағасы 95 мың теңге. Бірақ біз құжаты бар ресейлік бидаймен жұмыс істейміз. Оның құны 115 мың теңге. Бидай бағасының құлауы ішкі нарыққа жақсы әсер етеді. Қазір біз ұнды 180 теңгеден сатып жатырмыз.
Азық түлік келісім-шарт корпорациясы бағаны тұрақтандыруға тырысуда. Диқандар мемлекеттік мекеменің арзан баға белгілейтінін күткен еді. ГРАФИКА: Алайда, жауапты тарап астықтың құнын орташа бағадан жоғары, яғни 125 мың теңге шамасында бекіткен. Одан қалды тапсырыстың көлемін де былтырғыға қарағанда екі есе арттырып, 430 мың тоннаға дейін жеткізді.
Сағат ТӨЛЕУ, “АЗЫҚ-ТҮЛІК КЕЛІСІМ-ШАРТ КОРПОРАЦИЯСЫ” СҚО ӨКІЛДІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біздің зерттеуіміз бойынша баға төмендеп жатыр. Себебі көршілес мемлекеттерде едәуір төмен баға. Дегенмен өзіміздің ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді қолдау ретінде осындай баға орнаттық. Осы жылы тек СҚО бойынша 33 миллиард теңге бөлінді.
Осыдан кейін ғана бидай бағасы біршама тұрақталды. Алайда, сарапшылар, көп ұзамай құн қайта көтерілетінін болжап отыр.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Шикізат арзандаса да, ол нан бағасына әсер еткен жоқ. Ас атасы дүкендерде баяғыдай 140-150 теңгеден сатылып жатыр. Көктемде бидай бағасы шарықтаған кезде де нанның бағасы өзгеріссіз қалған дейді наубайхана иелері.
А. Құрманкин