Елге келген ресейліктерден ЖСН рәсімдеуге қатысты бір күнде 13 мың өтінім түскен. Ресей азаматтары жеке сәйкестендіру нөмірін алу үшін жаппай халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып жатыр. Соның салдарынан орталықтарда жүктеме артқан.
Астанадағы Халыққа қызмет көрсету орталығының жанында он метрге созылған ұзын сонар кезекті елорда тұрғыны түсіріп алған. Жол бойында тұрған дүйім жұрт өзімен бірге тамақтарын да ала келгені көрінеді.
Әсет ТҰРЫСОВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Қазіргі кезде елімізде бейрезиденттерге ЖСН беру еңбек шарттарын бекіту, көрсетілген қызметтер үшін қаражат алуға, әкімшілік жазаға тартуға, салық есептілігін жүргізуге, сондай-ақ, түрлі банк операцияларын жүргізу үшін керек. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН беру қызметі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетілетінін атап өткім келеді. ЖСН бір жұмыс күні ішінде дайындалады. Бейрезиденттің қолында паспорт болуы қажет.
ЖСН алу үшін келген ресейліктердің басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында тіркелген. Халыққа қызмет көрсету орталықтары күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті.
Сүйеніш ӘБДІЛДИН, «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТТІҢ» БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Қазақстандықтарға ЭЦҚ берген кезде қосымша қызметтер болмауы үшін біз биометриялық сервистерді іске қостық. Бірақ қазақстандықтардың биометриялық деректері мемлекеттік деректер базасында болғандықтан біз оларды тексере аламыз. Ал шетелдік азаматтарға қатысты мәселені «последконтроль» деген бар. Сол тетік арқылы қадағалап жатырмыз. Егер мұндай жағдайлар тіркелсе және дәлелденсе ондай адамдармен, қызметкерлермен договорларымызды жоямыз.
А. Серік