$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде ресейліктер хостелдер мен қонақүйлерге алдын ала кезек алуда

AstanaTV
27.09.2022ж. 20:00
1454
Ақтөбеде ресейліктер хостелдер мен қонақүйлерге алдын ала кезек алуда

Ақтөбедегі хостелдер мен қонақ үйлер ресейліктерге лық толы. Көрші елден келгендер  оған орналасу үшін  тіпті алдын ала кезек алуда.Пәтер таппай жүргендерге волонтерлар көмектесіп жатыр.  Ал Оралда шетелдіктер үшін кезекші халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеуде.  Өңірлердегі ахуалды тілшіміз Бакыт Рахметова жеткізеді.

Ағайынды  Андрей және Дмитрий  Мельников Ресейдің Тольятти қаласынан үш күн бұрын келген. Басында жатын орын таба алмай қатты қиналыпты. Тіпті вокзалда түнегендер де бар дейді.

Андрей МЕЛЬНИКОВ, РЕСЕЙ АЗАМАТЫ:

Біз алда не боларын білмедік.Болашағымыз бұлынғыр. Сондықтан амалсыздан ағам екеуміз шекара асып кеттік.  Жатын орын таппай қиналдық. Қазір барлығы қалыпты.
 
Ақтөбеде соңғы тәулікте  жалдамалы пәтер құны екі-үш есе шарықтап кеткен. Ал  1 тәулікке бір бөлмені жалға алу ақысы - 30 мың теңгеден бір-ақ шыққан. Волонтерлар Ресейден келушілерге қолдан келген көмегін беріп жатыр. Вокзалда, сауда үйлерінде түнеп жатқандарға жайлы орын тауып, орналастыруда.  

Екатерина ГОЛОТИНА, ВОЛОНТЕРЛАР ҰЙЫМЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Мейірімді жандар өз кеңселерін берді. Біздер ол жерге төсек орын апарып ,керек жарақтармен жабдықтадық. Осылайша уақытша жатын орындар ұйымдастырып жатырмыз.Пәтер таба алмағандарға түнеп шығуға болады.


Абзалдың қалада  үш бірдей хостелі бар. Кәсіпкердің айтуынша қазір барлығы ресейліктерге лық толы.   

Абзал АМАНШИЕВ, КӘСІПКЕР:

Бос орын мүлде жоқ. Қазіргі таңда барлық жатын орындарға ресейліктер орналасқан. Тіпті кейбірі алдын ала кезекке тұрып кетті. Бізде бір түнеуге- үш мың теңге. Одан көтерген жоқпыз. Сондықтан көпшілігі қолжетімді болған соң кезек күтуде.

Ал Оралдағы халыққа қызмет көрсету орталықтары  күшейтілген режимге көшкен. Өйткені өңірге келген ресейліктердің саны 17 мыңнан асты. Орталықтағы кезекті азайту үшін қосымша мамандар жұмылдырылған.  Шетелдіктерге арнап ашылған кезекші халыққа қызмет көрсету орталықтары сенбі күні де жұмыс істейді.

Асқар САНДЫБАЕВ, «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫ» КЕ АҚ БҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Негізі біз бұған дайындалдық: қосымша стол және қосымша компьютер арнайы қостық және бұларды бөлек линиямен қабылдап жатырмыз. Бұлардың ең көп алғысы келетін қызметі – ИИН. Осы біздегі кезекші ЦОН таңғы сағат сегіз жарымнан кешкі сағат сегіз жарымға дейін қабылдайды.

Ресейден келгендердің көбі Қазақстан арқылы басқа елдерге кетуді көздейді. Ал елімізде уақытша болса да қоныстануға бел шешкендер ең әуелі  тиісті құжаттарды рәсімдеуі қажет.

Бибігүл БИСЕНҒАЛЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл азаматтар көші қон полициясына жолығып, үш жұмыс күні ішінде тұруға ықтияр хат алу керек. Егер жұмысқа орналасу мәселесі туындаған жағдайда жұмыспен қамту орталықтарына жолығуға болады.
 

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Соңғы аптада Ақтөбе облысы бойынша  үш мыңнан астам ресейлік көші-қон  тіркеуінен өткен.  Олардың арасында медицина қызметкерлері, айти мамандар,білім беру саласы қызметкерлері, ауыл шаруашылығы  мамандары бар. Ал өңірде бұл мамандық иелерінің тапшылығы сезіледі. Сондықтан  құжаттарын заңға сәйкес рәсімдеген көрші ел азаматтарын  жұмысқа орналастыру мәселесі де қарастырылуда.

Б. Рахметова