Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Елімізде «Пробация туралы» заңнама қайта қаралмақ

AstanaTV
21.07.2016ж. 20:00
2326
Елімізде «Пробация туралы» заңнама қайта қаралмақ

Сотталғандардың түзету мекемесінде теріс ағымға түсуіне жол берілген емес. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев осылай деді. «Пробация туралы» заң талқыланған жиында ол «абақтыда радикализм таралып жатыр» деген пікірдің жансақ екенін жеткізді. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алматыда атыс ұйымдастырған Руслан Күлекбаев абақтыда отырғанда радикализм жолына түскен деген еді.

Мейрам Аюбаев, ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары:

Экстремизм мен терроризм айыбымен сотталғандар бар. Біз олармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Біз ғана емес, басқа да мамандар, теологтар да  жұмыс жасайды. Нақты қызмет атқарылып жатыр. Адам түрмеге түсіп, идея сіңіреді дегенмен келіспеймін. Бұл менің жеке пікірім.

Қазір Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті алдында «Пробация туралы» заңнаманы халықаралық талаптарға сай ету мақсаты тұр. Ол - жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеу. Яғни азаматтар адаспас үшін оларды жұмыспен қамтып, қажет болса, білім беру жағы қарастырылмақ. Оған 3 ведомство - Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Білім және ғылым, Ішкі істер министрлігі қатар тартылуы мүмкін. Түзетілген заңнама келер жылы парламент талқысына жіберіледі. Ресми есепке жүгінсек, 2015 жылы 48 594 адам сотқа дейінгі және кейінгі пробациядан өтсе, 2016 жылдың 6 айында абақтыдан босаған 16 мың адамның 11 мыңы әлеуметтік бейімдеуге алыныпты. Нәтижесінде екінші қайтара қылмысқа барғандар саны азайған.

Құралай ПИОНЕР