Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

"Ұн бағасының өсуіне бірнеше себеп бар",-сарапшы

AstanaTV
29.09.2022ж. 20:00
1118
"Ұн бағасының өсуіне бірнеше себеп бар",-сарапшы

Елімізде ұн  тағы қымбаттады. Бағаның бір жылда  41 процентке шарықтағаны  әсіресе наубайханашыларға ауыр тиіп отыр. Табысынан шығыны артқан кәсіп иелері шырылдап жүр.  Нарықта ұн  бағасының көтерілуіне не себеп? Енді нан қымбаттай ма? Тілшіміз жауап іздеді.

Сәуле Ескендірова 5 жылдан бері нан өнімдерін пісірумен айналысады. Бірақ, қазір жағдай қиын боп тұр дейді. Жыл басынан бері ұнды үш түрлі бағаға сатып алған көрінеді. Ақыр соңында кәсібі тұралаған.

Сәуле ЕСКЕНДІРОВА, КӘСІПКЕР:

Қазіргі таңда ұнның 1 келісін 312 теңгеден алып жатырмыз. Алдында 250, 212 теңгеден алатынбыз. Жеке кәсіпкерлерге өте қолайсыз. Ұн қымбаттаған сайын өнімнің бағасын қымбаттатуға тура келеді. Бірақ, бағасын көтерсек халық ренжиді. Бағаны көтермей бір бағада ұстап отырмыз. Бізде табыс азайып жатыр.


Халық та ұн бағасының қымбаттығына наразы. Енді ас атасы-нанның бағасы тағы өсе ме деп алаңдайды.

БЛИЦ:

- Егін шығарып жатқанда ұнның нанның қымбаттауы өкінішті.

- Бәрі көтеріліп жатыр. Бағалар кәдімгі қолжетімсіз бағаға жетіп қалды.

- Нанның да бағасы білінбей қымбаттап жатыр. Жалақысы аз адамға өте ауыр тиеді.

- Мемлекеттік монополия жасамаса, орнықты бір баға қоймаса, алыпсатарлар болмайды.


Қазір ұн бағасының ең жоғары өсімі Павлодар (12,8 %), Жетісу (12,4 %) және Батыс Қазақстан (11,9%) облыстарында байқалған. Диірменшілер мұның өз себептері бар дейді.
 
Олег КУРТВАПОВ, ЖШС КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Біріншіден, бағаның өсуін былтыр астықтың  аз жиналғанымен байланыстырамыз.  Сондай-ақ, наурызда бидайды Ресейге экспорттауға тыйым салынды. Осының барлығы ұн бағасының көтерілуіне себеп.

Ал, сала мамандары ресми дерек бойынша ұн құнының  20, бидайдың 60 процентке  қымбаттағанын айтады.  Бұл   уақытша жағдай дейді.  Оған сыртқы факторлар әсер етті деген пікірде.

Айдар ӘБІЛДӘБЕКОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ САУДА КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жыл басынан осы уақытқа дейін дизель отыны 20 пайызға қымбаттап отыр. Бидайды, ұнды тасымалдайтын көлік болсын оның құралдары бізде өндірілмейді. Шетелден келеді. Доллар өсті. Одан кейін бидайдың бағасына сыртқы нарықтағы бағалар қатты әсер етеді.

Жеті айдың қорытындысы бойынша, елімізде  ішкі нарықта ұн сатылымы 21 процентке азайған. Бірақ, бұл уақытша құбылыс дейді сарапшылар. Себебі, биыл   жиналатын астық көлемі былтырғыға қарағанда  едәуір көп болады деген болжам бар.