Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

"Семейде жылу электр орталығын салып, инфрақұрылымды жаңарту керек",-Қ.Тоқаев

AstanaTV
30.09.2022ж. 20:00
1541
"Семейде жылу электр орталығын салып, инфрақұрылымды жаңарту керек",-Қ.Тоқаев

Семейде жылу электр орталығын салып,  инфрақұрылымды жаңарту керек. Бұл туралы Абай облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  айтты. Жергілікті әкімдік пен үкімет бірлесіп, жұмыс істеуі қажет деді. Жаңа облыста тағы қандай мәселе бар? Толығырақ алдағы сюжетте.

Мемлекет басшысы  алдымен жергілікті жұртшылықпен кездесті. Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихында алар  орны ерекше киелі өлке екенін атап өтті. Жаңадан құрылған аймақты енді дамыту керек.  Семей қаласында заманауи жылу электр орталығы салынып,  инфрақұрылым жаңарады. Президент тапсырма берді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозған. Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті.


Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жаңа облыстағы мектептегі орын жетіспеушілік мәселесін  біржола шешуді тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Қазір елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып жатыр. Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін біржола шешуді тапсырамын.

Кездесуде Президент сондай-ақ, жергілікті жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлуді тапсырды. Осы арқылы  Семейде университеттердің жанынан IT саласы мен тілдерді тереңдетіп оқытатын мектептер ашылуы қажет деді. Сонымен қатар Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқан. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылады деді,-президент

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек.

Абай облысы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Ресеймен, Қытаймен шектеседі. Президент осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жол сапалы әрі қауіпсіз болуы тиіс деді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу керек. Құрылыс жұмыстары биыл басталып, жоба үш жылда аяқталады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады. Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту аса маңызды. Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет.


Президенттің пікірінше, Семей заман талабына сай, ыңғайлы қалаға айналуға тиіс. Облыс орталығы өнеркәсіптер мен көліктерге емес, қала тұрғындарына қолайлы мекенге айналуы қажет. Семейді дамыту жұмысын жоспарлаған кезде жоғары стандарттарға сай тың урбанистикалық тұжырым керек. Әсіресе, «жасыл қала» идеясына ерекше назар аударған жөн. Абай жұртшылығымен кездесуден соң президент Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған ескерткішті ашу рәсіміне қатысты. Ұлт тарихындағы біртуар тұлғаларымызды ұлықтау парыз және бұл ескерткіш Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық тойына тарту деді Мемлекет басшысы.

Б. Сатуов