Қостанайдағы көпқабатты үй тұрғындары пәтерлерінен шыға алмай отыр. Себебі, 9 қабатты баспанада жедел саты істен шыққан. Ал әбден тозығы жеткен лифтті әкімдік те, басқа да жөндегісі келмейді. Неге? Оның жауабын Заңғар Санай айтады?
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Тоғыз қабаттағы үйдің жеделсатысы тоқтағалы тоғыз ай болды дейді тұрғындар.Көне лифтің істен шығуы көпшілікке қиындық туғызып отыр.Әсіресе жоғарғы жақта тұратын қарт кісілер күніне бір рет далаға шыға алмай қамығуда.
75 жастағы Андрей Мальцев сегізінші қабатқа әрең көтерілетінін айтады. Тіпті кей күндері сыртқа шықпаймын дейді. Бірақ, азық-түлік таусылғанда амал жоқ дүкенге баруға тура келетін көрінеді.
Андрей МАЛЬЦЕВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Менің жасымда жоғары көтеріліп, төмен түсу өте қиын. Шаршап, ентігіп қаламын. Сегізінші қабатқа әрең жетем.
Әл-Фараби көшесіндегі 101 үйдің жеделсатысы жарамсыз деп танылған. 46 жыл қызмет еткен лифтің техникалық жағдайы сын көтермейді. Сараптама қорытындысымен тоқтатылған.
Ақмарал МҰҚАНОВА, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тоғызыншы қабатта тұрамыз. Менің үш балам бара. Мынау ең кішісі. Өте қиын. Күніне екі рет шығамыз. Колясканы алмаймын. Өйткені өте қиын колясканы қолға ұстап, баланы ұстап.
Ольга БОБЕНКО, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мемлекет біздің жағдайды түсініп, қолдау көрсетуі керек. Өйткені өз күшімізбен лифтіні ауыстыра алмаймыз.Өте қымбат құрылғы.
Шаһардағы көпқабатты үйлерде жеті жүзден астам жеделсаты бар.Соның тең жартысы тозған. Елу жылға жуық жұмыс істеген лифтілер біртіндеп істен шығуда. Оны жөндеу «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүктелген. Ал корпорация көне лифтті толық балансына алмай, жөндеу жұмыстарына кірісуі екіталай.
Сақтаған МҰСТАФИН, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бұған дейін лифт шаруашылығына жауапты ұйым қалалық әкімдікке қарасты болды. Қазір таратылып жатыр. Сондықтан «Тобыл» корпорациясының жөндеу жұмыстарына кірісуге құқы жоқ. Бұл үрдістің қанша уақытқа созылатыны тағы белгісіз.
Жаңғырту бағдарламасы бойынша тозығы жеткен лифттерді толық жөндеуге болады, дейді әкімдік өкілдері. Яғни тұрғындар өз күшімен қалпына келтіреді. Немесе жаңасына ауыстырады. Оларға ұзақ мерзімді үстемесіз несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Көпқабатты үй тұрғындары оған да келісіп отыр. Әр лифтінің құны шамамен 7-9 миллион теңге аралығында. Бірақ жаңғырту бағдарламасының қашан басталатыны беймәлім.
З. Санай