Астаналық ата-аналар мектеп асханасында ботқадан басқа тамақ берілмейді – деп шағымданды. Айтуларынша, оқушылар мемлекет есебінен тегін берілетін асты «дәмсіз» деп, үйлеріне аш құрсақ қайтатын көрінеді. Бұған құзырлылар не дейді? Білім ошағында берілетін астың сапасына кім жауапты? Мәселенің мән-жайын Аружан Задабектің бейнематериалынан білейік.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
«Балам, бүгін мектепте қандай тамақ іштің?» Баласы мектепке баратын кез-келген ата-ананың күнделікті қоятын сауалы -осы. Өйткені, қазір білім ошағында берілетін тағамға көңілі толмайтын ата-ана көп. Неге? Жауабын бірге білейік.
Әлия Сейілбекованың ұлы 4-сыныпта оқиды. Бас қалада бастауыш сыныптың оқушыларына бір мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі. Бірақ, дәмі жоқ асты жегісі келмейтін оқушы күнде үйіне аш қайтатын көрінеді. Бұған алаңдаған ата-ана мектеп директорына бірнеше рет шағымданғанын айтады. Алайда мәселе шешімін таппаған. Амал жоқ, енді «қарыны ашпасын»- деп баламның қалтасына ақша салып жіберетін болдым дейді Әлия.
Әлия СЕЙІЛБЕКОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мектепте берілетін тамақтың сапасы сын көтермейді. Балам күнде шағымын айтып келеді. Ботқадан басқа тамақ бермейді екен. Бала болған соң, дәмсіз тағам жегісі келмейді. Ұлымның күнде үйге қарным ашты деп келгенін көргеннен кейін, күнде ақша беретін болдым.
Білім ошағындағы тағамның дәмсіз екенін мектеп оқушылары да айтады. Сондықтан балалар қалағанын сатып алатын көрінеді.
Білім бөлімінің ақпаратынша, қала мектептеріндегі 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілген. Елордалық 98 мыңнан аса бала мемлекет есебінен тамақтанады.
АСТАНА ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ:
Астана қаласы бойынша ыстық тамақпен қамтылған бастауыш сынып балаларының саны – 89 207. Сондай-ақ 5-11 сынып аралығындағы аз қамтылған отбасылардан шыққан 9 032 бала да мемлекет есебінен тамақтанады. Бір баланың тамақтану құны- 449 теңге.
Оқушыларды тамақпен қамтамасыз етіп отырмыз деген бір мектепке біз де бардық. Жасыратыны жоқ, мектеп басшысы асхананы көрсетуден бас тартты. Хош, қазір мұнда 1824 оқушы білім алады. Оның арасында 1 мен 4-інші сынып аралығындағы 828 бала ыстық тамақпен қамтылған. Мектеп директоры бүлдіршіндерге ыстық тамақтың «ыстықтай» жетуін, пайдалы әрі дәмді болуын үнемі бақылауда екенін айтты.
Сырым НҰҒМАНОВ, Ғ.ҚАЙЫРБЕКОВ АТЫНДАҒЫ №2 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Үй жағдайында кез-келген оқушы майонез, кетчуп сияқты нәрселерді қолданады. Ал, мектепте ондай нәрсе қолдануға қатаң тыйым салынған. Өйткені, біз бекітілген менюмен жүреміз. Тіпті, буфеттің өзінде біздің мектебіміз мынау газдалған сусындардың бәрінен біз бас тартамыз. Ондайларды сатуға рұқсат жоқ.
Күнделікті ботқа жейді дегенге келсек, ол тек таңертеңгі ауысымда оқитындарға беріледі. Ал түстен кейінгілерге сорпа да, басқа ыстық тамақтар да қарастырылған дейді мектеп басшысы. Сондай-ақ, балалардың қалағанын сатып алып жеуге де мүмкіндігі бар. Бірақ, ол тағамдар да жіті тексеруден өткен, зиянды қоспасы жоқ, билогиялық таза өнім екеніне сендірді.
А. Задабек