Алматы облысының тұрғыны, зейнеткер Жүсіпбай Бекқабұлов жалғыз ұлына іздеу салады. Оның не тірі, не өлі екенін білмей дал болып жүргеніне төрт айға жуықтаған. Өздігінен іздеп табанынан таусылған қария, арнамыздан көмек сұрады. Полицияға да арызданған. Бірақ қайыр болмай тұр дейді. Толығырақ мәселенің мән-жайын біліп келген әріптесімнің бейнематериалында.
Жалғызбасты әке, жалғыз ұлдан бір хабар ала алмай делсал күйге түскен. Айтуынша үйден шығып кеткеніне, төртінші айға аяқ басқан. Содан бері жалғыз тұяқтан хабар жоқ. Табанынан таусылып талай жерге де барған.
Жүсіпбай БЕКҚАБҰЛОВ, ӘКЕСІ:
Поляда істейді, клубникаға барады сондай жұмысқа баратын еді бұл бала. Сол июньнің 14-і күні азанда шыққан, сол кетуінен кетті жоқ. Біреулер түйе бағып жүріпті мыс дегеннен кейін мен Бақанасқа дейін кеттім. Ақши сол жақтардан іздедім. Малшы қалмады, қойшы қалмады. Түйеші қалмады,. Мен кірмеген жерім қалмады.
Әкесінің айтуынша осыдан 10 жыл бұрын баласы жол апатына түскен. Соның салдарынан ақыл-есінде ауытқуы пайда болған. Жақында ғана 33 жасқа толған баласынан бір хабар ала алмаған әке, құзырлылардың сылбыр қимылын сынға алды.
Жүсіпбай БЕКҚАБҰЛОВ, ӘКЕСІ:
Ровдға барамын, күнде барамын мен. Іздеп жатырмыз дейді. Әй сендер қалай іздеп жатырсыңдар қашан қарасаң мына жерде отырасыңдар. 24-ші сентябрь туған күні еді. Жоқ қой жоқ.
Қария қара суық басталмай жақын маңдағы ауылдарды қайта сүзіп шықпақшы. Ұлының суреттерін іліп шықпақшы. Аймақ полициясы болса, іздестіру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.
Ернар САЙДІЛДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «адам жоғалу» дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Адам анықтау бағдары барлық полиция бөлімдеріне жіберіліп, еріктілермен бірлесе іздеу шаралары ұйымдастырылды. Егерде жоғалған тұлға бойынша қандай да бір ақпарат болса полицияға хабарлауыңызды сұраймыз.
Дегенмен көршілер қарттық шақта жалғыз қалған әкенің денсаулығына алаңдаулы. Баласының бұрын соңды мұндай оғаш қылығын көрмеген.
Зарина НҮСІПОВА, КӨРШІСІ:
Келген сайын жалғыз өзі жүреді. Сол кездерде ата екеуміз сөйлесеміз. Сол кездерде бірде жылап алады. Мен оған енді алаңдаймын бұл кісіге. Давлениесі де көтеріледі. Көрген-білген адамдар болса хабарласып осы баланың не ішіп жатыр, не киіп жатыр деген атаны да сол мазалайды.
Жалпы жыл басынан бері бұл аймақта адам жоғалу дерегімен 96 іс тіркелген. Оның 79-ы табылыпты. Қалған 17-сі әлі күнге дейін іздестірілуде.
Ә. Лесбек