Ұлы дала баласы Төреғали Төреәлі уақытша изоляторға қамалды. Әншінің үстінен қылмыстық іс қозғалды дейді полиция департаментінің өкілдері. Бұған дейін әлеуметтік желіде Көлсай аумағында жол сілтеуші боп жұмыс істейтін жігіттің танымал әншіден таяқ жедім деген видеосы тарады. Айтуынша, олар жанжалдасып, соңында төбелескен. Төреғали оған жұдырық жұмсаған көрінеді. Содан жас жігіттің қабағы жарылған. Ұлттық саябақ аумағында болған бұзақылық фактісі Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімінде қылмыстық іс ретінде тіркелді. Төреғали Төрәлі қамауға алынды.
Рустам ӘБДІРАХМАНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ТЕРГЕУ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын жүргізу аталған бөлімшенің қызметкерлеріне тапсырылды. Тергеу барысында барлық қажетті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның шынайы мән-жайлары анықталатын болады. Қылмыстық істі тергеу барысы мен нәтижелерін Алматы облысының полиция департаменті өз бақылауына алды.
Ә. Дүкембаева