Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Торғайда А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған той өтті

AstanaTV
03.10.2022ж. 20:00
1341
Торғайда А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған той өтті

Киелі Торғай атырабында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы өтті. Ұлы тұлғаның есімін ұлықтауға арналған мерекелік шара барысында еңселі ескерткіш бой көтерді. Арғымақтар аламанға түсіп, палуандар боз кілемде күш сынасты.

Жыл басынан бері ұлы тұлғаның есімін дәріптейтін елеулі  шаралар ЮНЕСКО шеңберінде атқарылды. Торғай төрінде талай экспедиция, келелі конференциялар өтті. Ал Жангелдин ауданының орталығында  Ахмет пен Міржақып мұражайына күрделі жөндеу жүргізілді. Игі мақсатқа 170 миллион теңге жұмсалған. Оған қоса қос арыстың еңселі ескерткіші ашылды.
 
Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл туынды Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін, ел үшін атқарған қызметін ұлықтаудың жарқын көрінісі. Сонымен қатар мұндай ескерткіштер арқылы халықтың әсіресе жастардың санасына ұлттың тарихы мен танымын сіңіреміз.

Торғай төріндегі той алашқа аты мәшһүр  зиялы қауымның басын қосты. Ғылыми конференцияда  Ахаңның ғибратты ғұмыры мен ұлттық мүддеге деген адал қызметі айтылды.

Ғарифолла ӘНЕС, РЕПРЕССИЯҒА ҰШЫРАҒАН ҚАЗАҚСТАН ЗИЯЛЫЛАРЫ МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз Алаш орданың жүз жылдығын, Қазақ газетінің де 100 жылдығын үлкен деңгейде атап өте алмадық.Енді міне құдайға шүкір Ахаңның 150 жылдық тойы дүниені дүбірлетіп, бүкіл әлемнің барлық жерінде тойланып жатыр.
 
Ахаңа арналған ауқымды шара барысында желдей жүрік  арғымақтар аламанға түсіп, білекті жігіттер боз кілемде белдесті. Күміс көмей әншілер республикалық байқауда бақ сынасты. Торғай тойында топжарған жеңімпаздарға автокөліктен  бастап, қомақты қаржылай жүлде берілді.

З. Санай