Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Чех сарапшылар қауымдастығы Қ.Тоқаевтың Жолдауына жоғары баға берді

AstanaTV
05.10.2022ж. 20:00
974
Чех сарапшылар қауымдастығы Қ.Тоқаевтың Жолдауына жоғары баға берді

Елімізде халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Чех сарапшылар қауымдастығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына жоғары баға берді. Саяси бағдарламадағы мақсат-міндеттерді Қазақстан нәтижелі жүзеге асыратынына сенімді екендерін жеткізді.

Конференция Қазақстанның Чех Республикасындағы Елшілігінің бастамасымен өткізілді. Басқосуда сарапшылар әлеуметтік реформалардың барысын Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен диалог орнату мәселелерін талқылады.

МАРАТ ТӘЖИН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЧЕХИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Біз Президенттің бастамаларын, нақты ұсыныстарын, әлеуметтік реформаның бірқатар практикалық бағыттарын талдап, еуропалық жұртшылықты таныстыруды шештік. Біз Қазақстанға, Орталық Азияға, Шығыс Еуропаға тән әлеуметтік саясаттың Социалистік түрінен іс жүзінде бірдей жағдайда бастадық, бірақ осы жылдар ішінде әр түрлі жолдан өттік. Әрине, біз үшін денсаулық сақтау, білім беру, ғылым саласындағы реформалардың нақты тәжірибесі өте маңызды.

КОРНЕЛЛ СВАНТЕ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖӘНЕ КАВКАЗ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан қарқынды дамып жатыр. Көптеген бағдарламаларды іске асыруда. Ең прогрессивті бағыттардың бірі білім беру саласындағы реформалар болды. Педагогтарды даярлауда жоғары стандарттарға қол жеткізілді. Сондай-ақ, "Болашақ" бағдарламасын атап өткім келеді.

Жиынға Қазақстан, Польша, Чехия, Венгрия, Словакия, Швециядан білікті мамандар мен сарапшылар қатысты. Олар Еуропа елдерінің тәжірибесіне негізделген нақты ұсыныстар айтты.

Роман ВАСИЛЕНКО, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі міндет-диалог, тәжірибе алмасу. Конференция әлеуметтік жауапты мемлекет құрудың әртүрлі аспектілерін қарастырғанын атап өткім келеді. Әлеуметтік жауапты бизнес, Денсаулық сақтау және зейнетақы жүйесіне қатысты көптеген ұсыныс айтылды. Қазақстан өзге мемлекеттермен салыстырғанда көш ілгері. Мысалы, цифрландыру бойынша.

Марек РЫМША, ПОЛЬША ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Мен Қазақстандағы өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымына көбірек көңіл бөліп, осы секторға көбірек инвестиция салуға кеңес берер едім. Польшаның әлеуметтік салада үлкен тәжірибесі бар және біз оны қуана бөлісуге дайынбыз.

Қазақстанның Чехиядағы елшілігінің бастамасы қолдау тапты. Дәл осындай конференциялар жақын арада басқа еуропалық астаналарда да өтеді. Ал қорытынды кездесуді бүкіл Еуропаның жетекші сарапшыларының қатысуымен Қазақстанда өткізу жоспарлануда.

Ә. Дүкембаева