$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Халықтық Коалиция - сайлаудың жаңа үлгісі

AstanaTV
07.10.2022ж. 20:00
1925
Халықтық Коалиция - сайлаудың жаңа үлгісі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық күштер коалициясының қолдауына ие болуы, сайлаудың жаңа үлгісін көрсетті. Саяси партиялар, жетекші республикалық бірлестіктер мен азаматтық белсенділерден жасақталған халықтық коалиция мүшелері осындай пікір білдірді. Жүйелі реформалар мен экономикалық саяси шешімдерді қабылдаған Президент, өз ісін соңына дейін жеткізуі қажет деп санайды. Тілшіміз тарқатады.

Халықтық Коалиция мүшелері Мемлекет басшысының реформаларын қолдайды. Республикалық қоғамдық жастар бірлестігі Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің дамуына бұдан былай да еңбек етеді деп сенеді.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, «QAZAQSTAN TEAM» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ЖАСТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің ұйым Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды және басқа ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп, мемлекеттің дамуына және көзделген реформаларды іске асыруға бірге үлес қоса аламыз деп үміттенеміз.

Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты, Ұлттық волонтерлер желісінің төрағасы Вера Кимнің пікірі де осындай. Қоғамдық күштердің бірігуі жұртшылықты жаңа жетістіктерге жетелейді дейді.

Вера КИМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕР ЖЕЛІСІ" ЗТБ ТӨРАҒАСЫ:

Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын нағыз Халықтық Коалиция құрылды және біз осы Коалицияның бір бөлігіміз. Оны тек біз ғана емес, көптеген коммерциялық емес ұйымдар, саяси партиялар қолдады. Жігер жаныдық. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр.

Ал Генералдар кеңесінің мүшелері де Қасым-Жомарт Тоқаевты сөздің емес, істің адамы деп есептейді.

Тұрсын АЙЖҰЛОВ, «ГЕНЕРАЛДАР КЕҢЕСІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЛҚА МҮШЕСІ:

Әділетті Қазақстанды сөз жүзінде емес, іс жүзінде құра алатынымызға сенімдімін. Бұл жұмыс қарқынды, тиімді әрі ұтымды атқарылады деп үміттенеміз.

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те өз кезегінде спорт саласындағы өзгерістерге көңілі толатынын айтты. Қазақстанның спортшылары сайлауда мемлекет басшысының кандидатурасын қолдауға дайын екенін жеткізді.

Серік СӘПИЕВ, ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ:

Қазақстанның спортшылары қолдайды. Біз бірауыздан Қасым-Жомарт Кемелұлын сайлауда қолдауға дайынбыз. Сол бағытта жұмыс істейміз, себебі спортшылар, болып жатқан өзгерістерді біледі. Өз басым көңілім толады.

Қазіргі Президенттің бағытын, жалпы саясатын Қазақстан Азаматтық Альянсының мүшелері де қолдайды. Елдің тұрақтығы мен болшағының жарқын болуын қалаймыз дейді.

Бану НҰРҒАЗИЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын қолдайтын және оны президенттікке ұсынған барлық қоғамдық бірлестіктердің – Халықтық Коалицияның форумы. Біз тек ел Президентін ғана емес, тұрақтылықты, бірлікті, Қазақстанның жарқын болашағын таңдаймыз!

Кеше Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық Коалицияның форумы өтті. Форум жұмысына «AMANAT», «Ақ жол», Қазақстанның Халық партиялары және 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның екі мыңнан астам өкілі қатысты.

А. Базарбай