$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодар облысында өрттен 5 мың тоннадан астам шөп жанып кетті

AstanaTV
10.10.2022ж. 20:00
1223
Павлодар облысында өрттен 5 мың тоннадан астам шөп жанып кетті

Павлодар облысында болған алапат өрттен шаруалардың қысқа дайындап қойған 5 мың тоннадан астам шөбі жанып кеткен. Екі күн бойы қызыл жалынмен арпалысқандарын айтады. Тіпті өрт сөндірушілер келмеді дейді. Жалын екінші күнге жалғасқанда ғана, төтенше жағдай мамандары жетіпті. Алайда олар келгенде бәрі де кеш болды деп шуласты шаруалар. Малмен ғана күн көріп отырған бүтін ауыл биыл қыста төрт түлігіне не берерін білмей дал. Амалы таусылған ағайын арнамыздан араша сұрады.

Бұл - Ақсу ауылдық аймағына қарасты Мәмәйіт ауылында болған тілсіз жау. Өрттен ауылдағы 10-ға тарта шаруашылықтың 5 мың тоннадан астам шөбі мен 3 жарым мың гектар шабындық жері күлге айналған.

Мұрат ДӨРБЕТХАНҰЛЫ, МӘМӘЙІТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қаншама адамның жаздай дайындаған еңбегі далаға кетті ғой. Енді бір айға жетпейді азын-аулақ уақытта қыстың қамы қораға малымыз келеді. Енді оны қыстан алып шығатын ешбір мүмкіндік жоқ. Шабатын қазір шабынды жоқ. Бүкіл жер шабылған. Ешбір жағдай жоқ.

Мыңға тарта халқы бар Мәмәйіт ауылы тек малмен ғана күнелтіп келеді. Олар өрт сөндірушілер жедел жетпеді деп отыр.

Рүстем АМАНТАЙ, МӘМӘЙІТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Түгелі жанып кетті. Бірде бір руллонды ала алмадық. Себебі, нақты керек кезінде төтенше жағдай қызметкерлері де болмады. Ауылдың қарапайым халқы қолдан құралғы жасап, жанағы хлопушка дейміз ғой соны ұрып, бірақ, себебі, желдің ұйытқысы жоғары болды. Сонымен ала алмадық. Ешқандай рулонсыз қалдық.

Ал төтенше жағдай мамандары өрт сөндірушілер келмеді деген ақпаратты жоққа шығарды. Айтуларынша, соңғы екі күнде өңірдегі 4 ауданда дала өрті тіркелген. Барлығына өрт сөндірушілер жұмылдырылғанын жеткізді.

Сергей ОГАЙ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Өрт салдарынан 302 гектар жер жанды. Оның ішінде 500 руллон шөп өртеніп кетті. Ақсудағы өрт бүгін таңертең таңғы 7.00-де сөндірілді. Тілсіз жаумен күреске жалпы саны 207 қызметкер 42 техника жұмылдырылды. Өрттің себебі мен шығын анықталып жатыр. Ал өртті қасақана жасауы мүмкін деген күдікпен іс полицияға жолданды.

Амалы таусылған шаруалар мәселесін айтып, аймақтағы қоғамдық кеңестің қабылдауына барды.

Асылбек ТУҒАНБАЙ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ:

Өз тарапымыздан Ақсу қаласының әкімдігіне, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына осы сұрақтарды көтеріп, мәселе жолдаймыз. Және осы мәселенің шешілу жолын қадағалап қарайтын боламыз.

Май ауданына қарасты Баскөл ауылында дәл осындай жағдай болған. Онда да шабындық алқаптар мен қысқа дайындалған шөп жанып кеткен. Әзірге қанша көлемде шығын келгені белгісіз.

Ө. Қуанар