Петропавлда жолаушыларды тасымалдау компаниялары қытайлық жаңа автобустардың сапасына шағымданып отыр. 20 жыл бойы тар қоғамдық көліктен көз ашпай келген қызылжарлықтар былтыр заманауи ұзын автобустарға ие болған еді. Кәсіпкерлер әкімдіктің көмегімен 100 су жаңа автобус сатып алды. Оны бір жыл қолданып, сапасының нашар екеніне көз жеткізген. Несиені әрең төлеп жүргенде қалалық әкімдік субсидияны да дер кезінде төлемей отыр деп қынжылады. Қоғамдық көлік иелерінің жанайқайына аймақтағы тілшіміз құлақ түрді.
Жолаушылар тасымалдау компаниялары қытайлық Ютонг автобустарының әрбіреуін бақандай 40 миллион теңгеге сатып алған. Енді олар жаңа көліктің осал тұсы жетіп артылады дейді. Техниканың жыртығын жамаудан қажыған кәсіпкерлер қызмет көрсету компаниясының қосалқы бөлшектерді дер кезінде жеткізбейтініне налиды.
Болат РАҚЫМОВ, ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛДАУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Автобустың рессорлары, трансмиссия бөлігі жиі сына береді. Қосалқы бөлшектер қызмет көрсету компаниясында мүлдем жоқ. Бізге оны бүкіл Қазақстан бойынша іздеуге тура келеді. Осының салдарынан автобус бірнеше күн тұрып қалады. Бұл біз үшін қып-қызыл шығын. Себебі ай сайын миллиондаған несие төлеп отырмыз. Ал қалалық әкімдік жолақы субсидиясын әлі күнге дейін өтемеген. Менің жалғыз өзіме 200 миллион теңге берешек.
Бүгін жолаушылар тасымалы компанияларының арнайы шақыртуымен қытайлық автобус зауытының өкілі келді. Алайда ол тілшілерге жауап беруден бас тартты.
Жолаушылар тасымалдаушылардың дерегінше, қалалық әкімдіктің субсидия ретінде компаниялар алдындағы берешегі 900 миллион теңгеге дейін жеткен. Оның біршама бөлігі былтырдан қалыпты. Бірақ бұл ақпаратты жергілікті билік өкілдері жоққа шығарды.
Асқар ХАБИБУЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз осы уақытқа дейін жолаушылар тасымалдау компанияларына 1 миллиард 314 миллион теңге субсидия төледік. Жылдың соңына дейін тағы 500 миллион теңге бөлінеді. Олардың тарапынан қосымша қаражат бөлу жөнінде арыз түскен жоқ. Егер де шығындарын бізге дәлелдесе, онда бұл жолдама міндетті түрде қарастырылатын болады.
Сөйтіп, демеуқаржы мәселесі жуық арада толық шешілетін көрінеді. Ал қосалқы бөлшек тапшылығының қашан жойылатыны әзірге белгісіз. Айта кету керек, кәсіпкерлер автобустың несиесін әлі 6 жыл өтеуі тиіс.
А. Құрманкин