ХХІ ғасыр Азияның ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналды. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент кеңестің әлемдік экономикалық көшбасшыға айналғанына тоқталды. Саммитте қандай өзекті мәселелер көтерілді? Мемлекет басшылары неге алаңдаушылық білдірді? Жер-жаһандағы геосаяси жағдайларға лидерлердің көзқарасы қалай? Бекболат Сатуовтың репортажы.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес қатары тағы бір елмен толықты. Кувейт саммиттің 6 отырысында, ұйымға мүше мемлекет мәртебесін алды. Ал Түркіменстан бақылаушы ел ретінде тізімге кірді. Бұл жағдай ұйымның әлем қауымдастығы алдындағы беделі арта түскенін білдіреді деді, Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ұйымның заманауи дипломатияның халықаралық институтына айналғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бейбітшілік пен ынтымақтастыққа деген ортақ ұмтылыс бәрімізді біріктіреді. Бірақ біздің жасампаз күш-жігерімізге қарамастан, әлем қауіпсіз бола бермейді. Бүгін біз бұрын-соңды болмаған геосаяси дауыл мен әлемдік экономиканың өсіп келе жатқан дағдарысы жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Оның салдары жаһандық дамуға әлі де әсер етіп отыр. Менің ойымша, біздің алдымызда тұрған ерекше маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу.
Ұйымға мүше мемлекеттерге ортақ қор құрылады. Ол ұсыныстар мен жобаларды орындау үшін қолданылатын тетік болады. Сондай-ақ, мемлекет басшысы жиында жаһандық көлік-транзит дәліздерін қалыптастыруға жаңа көзқарас қажет екенін айтты. Өйткені жүк тасымалының оңтайлы әрі қолжетімді жолдары – экономиканың тұрақты өсімінің маңызды факторы. Сондықтан көлік-транзит әлеуетін арттыру маңызды деп атап өтті. Азық-түлік жеткізу бойынша да ортақ механизм болуы керек.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Азия әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үштен бірін өндіргенімен, бұл саладағы олқылықтардан әлі де толық арыла қойған жоқ. Біз маңызды өнімдердің ұлттық стандарттарға сәйкестігін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуіміз керек. Сондай-ақ тауарлардың бұл санаты үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттер арасында «жасыл дәліздер» ашуымыз қажет.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гуттериш видео үндеу жолдады. Ол қатысушыларға төтенше жағдайдағы қақтығыстардың геосаяси шиеленісі күшейген сайын сенім мен ынтымақтастық әлсірейді деді. Оның айтуынша, климаттық дағдарыс барлық жерде жойқын. Коронавирус ықпалы да әлсіреген жоқ. Дағдарыс әлем халқының осал топтарын тығырыққа тіреді. Осы күрделі кезеңде аймақтардың күш біріктіруі бұрынғыдан да маңызды, - деді Бас хатшы.
Антониу ГУТЕРРИШ, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ:
Соңғы 30 жыл ішінде Кеңес Азия елдері арасындағы диалог үшін маңызды алаңға айналды. Біз бейбіт және гүлденген Азиядан пайда көреміз. Мен ортақ мақсаттарымызға қол жеткізудегі серіктестігімізге ризамын. Бұл тұрақты дамуға жәрдемдесу, адам құқықтарын ілгерілету, бейбітшілік және тұрақтылық, көпжақты ынтымақтастықты нығайту. Заманымыздың сын-қатерлерін бірге еңсерейік. Азия мен әлем үшін жарқын болашақты қамтамасыз етейік.
Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев қатысушылар назарын Қарабақта болған қақтығысқа аударды. Оның сөзінше, Әзербайжан - әлемдегі ең көп мина қойылған елдің бірі. Армения оккупация кезеңінде аймаққа 1 млн жарылғыш зат қойып кеткен деп мәлімдеді. Екінші Қарабақ соғысынан кейінгі 2 жылдың ішінде 250 адам осы минаға түсіп жараланған немесе мерт болған. Мамандардың есебіне сәйкес, бұл мәселені шешу үшін Әзербайжан еліне 25 миллиард АҚШ доллары және 30 жыл уақыт керек.
Ильхам АЛИЕВ, ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгінде Әзербайжан Қарабақ жерінде ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар аймақтан көшуге мәжбүр болған азаматтарды қайта қоныстандыру бағдарламасын қабылдадық. Бұл жобаны біз «Ұлы көш» деп атадық. Халқымызың 30 жыл бойы шеккен зардабына қарамастан біз Арменияға өзара территориялық тұтастығымызды мойындауды көздейтін бейбіт келісім ұсындық.
Түркия басшысы Ердоған жаһандық қауіпсіздікке алаңдаушылық білдірді. Ол терроризмнің таралуына ерекше назар аударып, Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Украинадағы қақтығысты тезірек тоқтату қажет деді.
Режеп Тайып ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің бәріміз Украинадағы дағдарыстан кейінгі салдарды аймақтық және жаһандық деңгейде көріп отырмыз. Мен әрдайым бейбітшілікке тек дипломатия арқылы ғана қол жеткізуге болатынын айтып келемін. Қазіргі әділетті әлемдегі соғыста жеңімпаз болмайды. Екінші жағынан, соғыстың салдарын жоюға бағытталған біздің БҰҰ-мен бірге күш-жігеріміз бүкіл әлемді мойындатып жатыр.
Ал жиынға қатысып отырған Владимир Путин Украинадағы жағдайға байланысты жақ ашпады. Тек Ауғанстанның заңсыз бұғатталған қаражатын қайтаруды және басқыншылық жылдары елге келтірілген шығынды өтеуге шақырды. Сондай-ақ, Азия елдерінде өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды пайдалануды ұсынды.
Владимир ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің Азиядағы көптеген серіктесіміз сияқты, ондаған жыл бойы капитал мен технологияның барлық ағынын қамтыған өзін-өзі жариялаған "алтын миллиард" біреудің есебінен өмір сүруге мүмкіндік беретін әлемдік қаржы жүйесінің жұмыс принциптерін қайта қарауды бастау қажет деп санаймыз. Бірінші кезектегі қадам ретінде біз өзара есептеулерде ұлттық валюталардың неғұрлым белсенді қолданылуын көреміз. Мұндай шаралар мемлекеттеріміздің қаржылық егемендігін нығайтуға, капиталдың ішкі нарықтарын дамытуға, өңірлік экономикалық интеграцияларды тереңдетуге ықпал ететіні сөзсіз.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев БҰҰ Бас Ассамблеясына Ауғанстан мәселесі бойынша Азия елдерінің бірлескен үндеуін жолдауды ұсынды.
Шавкат МИРЗИЁЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ауған проблемасында кең ауқымды ымыраға келіп, жаһандық деңгейде іс жүзіндегі шаралар қабылдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясына Ауғанстан билігімен тараптардың өз міндеттемелерін кезең-кезеңмен орындауын белгілейтін алгоримтер жөніндегі жоғары деңгейдегі халықаралық келіссөз тобын құру туралы Азия елдерінің бірлескен үндеуін жолдау мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын.
Осылайша президенттер алыс-жақын маңайдағы оқиғаларға байланысты ашық пікірлерін жеткізді. Саммит аясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттерден бекіту үшін тиісті құжаттар ұсынылып, жиында Астана мәлімдемесі қолдау тапты. Бұдан бөлек, БҰҰ Қауіпсіздің Кеңесінің терроризмге қарсы резолюциясын жүзеге асыру үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің іс-қимыл жоспары қабылданды.
Б. Сатуов