$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қ.Тоқаев аймақ елдерінің шекарасын анықтау мәселесін бейбіт жолмен шешуге шақырды

AstanaTV
14.10.2022ж. 20:00
1499
Қ.Тоқаев аймақ елдерінің шекарасын анықтау мәселесін бейбіт жолмен шешуге шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ елдерінің шекарасын анықтау мәселесін бейбіт жолмен шешуге шақырды. Шекараларды делимитациялаудың өзара тиімді тәсілдерін әзірлеу және осы маңызды миссияға тәжірибелі сарапшыларды тарту үшін өңірлік сараптама алаңын құру пайдалы болады деп ойлаймын деді. "Орталық Азия-Ресей" саммитінде тағы қандай мәселелер талқыланды, қандай ортақ шешімдер қабылданды? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысы өтті. Онда Президенттер өзара іс-қимыл мәселелеріне қатысты пікір алмасып, ұйымға 2023 жылы қырғыз Республикасының төрағалық ету туралы шешім қабылданды. Ал, Қазақстан мен Ресей Федерациясы тең төраға болып бекітілді. Отырыста Тәуелсіз мемлекеттер достастығы кеңесінің атқарушы хатшысының да лауазымы өзгертіліп, бас хатшы болып белгіленді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Негізі атқарушы орган лауазымының мәртебесін арттыру мәселесі маңызды. Оның үстіне Сергей Николаевич Лебедев туралы айтылып отырғандықтан, ол адам ТМД-ның Бас хатшысы сияқты лауазымына әбден лайық деп ойлаймын. Бас хатшы лауазымының өзі белгілі бір дәрежеде, жалпы ұйымымыздың мәртебесін едәуір арттыратыны анық.

2024 жыл- еріктілер қозғалысы жылы, 2025 жыл- Екінші Дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрестегі бейбітшілік пен бірлік жылы, сондай-ақ 2026 жыл- Денсаулық сақтау жылы болмақ. Ал, келер жылы тәуелсіз елдер достастығының мәдени астанасы ретінде Санкт-Петербург қаласы бекітілсе, екі аптадан кейін ұйымға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары Астанада бас қосады.

Сергей ЛЕБЕДЕВ, ТМД БАС ХАТШЫСЫ:

Біз қазақстандық әріптестерімізбен, Үкімет аппаратымен және Сыртқы істер министрлігімен осы Астанада өтетін Үкімет басшылары кеңесінің отырысына бүгіннен бастап дайындықты бастадық. Қазірдің өзінде қалыптасқан күн тәртібіне қарап ол мәжіліс өте мазмұнды өтеді деп үміттенеміз. Ол отырыс барысында да біздің әріптестігімізді жетілдіріп, нығайтуға бағытталған бірқатар құжат қабылданады.

Бүгін сондай-ақ мемлекеттер басшылары «Орталық Азия – Ресей» саммитінде бас қосап, өзекті мәселелерді талқылады. Тоқаев аймақ елдерінің шекарасын анықтау мәселесін бейбіт жолмен шешуге шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуі тиіс.

Сондай-ақ, Президенттің айтуынша, әлемде ақпараттық кеңістіктегі келеңсіз жайттардың алдын алу жөніндегі өзара іс-әрекеттердің маңызы артып келеді. Дау-жанжал мен дүрбелеңді болдырмау үшін салалық ведомстволар бен қоғамдық ұйымдар тығыз ынтымақтастық орнатып, түсіндіру жұмыстарын барынша белсенді жүргізуге тиіс деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Цифрлық технологиялардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қарқынды дамуы жағдайында орынсыз айтылған кез келген сөз, әсіресе жастар арасында өшпенділік пен этносаралық араздық туғызуы мүмкін. Соның салдарынан қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған көпжылғы күш-жігер зая кетеді.

Бүгін Мемлекет басшылары бірқатар құжаттарға қол қойды.

Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Мемлекет басшылары 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық бағдарламасын бекітті. Саммиттің тағы бір құжаты - мемлекет басшыларының климат саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесі болды. Онда климат мәселесінде ТМД елдерінің бірлескен іс-қимылдары маңызды екені атап өтілді.

Бірнеше күннен бері әлем назарын аударған келелі басқосулар пандемиядан кейінгі алғашқы толыққанды шара болды. Елдердің ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды, жан-жақты пікір алмасылды, достықты дамытудың негізгі басымдықтары айқындалды. Қазақстанның ашық диалог алаңы екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Б. Сатуов